Кәсіпкерлерге 12,6 пайызбен несие берілуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Халық Кеңесінде шағын және орта бизнесті қолдау шараларын кеңейту мәселесі талқыланды. Жиында кәсіпкерлерге жылдық 12,6% мөлшерлемемен тікелей несие беру және мемлекеттік қолдауды ауылдағы шағын бизнеске қолжетімді ету ұсынылды.
Қазақстан Халық Кеңесінде Нұртай Сабильяновтың төрағалығымен Өңірлік даму және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңіндегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында айқындалған міндеттерді іске асыру аясында қатысушылар шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдайлар жасау және мемлекеттік саясатты жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды қарастырды.
Отырысқа Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің басшысы Табиғат Зейнұлқабден, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының өкілдері қатысты.
Жиын барысында шағын және орта бизнестің бүгінгі жұмыс істеу жағдайы және оның дамуына кедергі келтіретін мәселелер талқыланды. Қатысушылар кредиттердің қолжетімділігін арттыру, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін күшейту, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру және өңірлердегі іскерлік белсенділікті жандандыру жолдарын қарастырды.
Нұртай Сабильянов шағын және орта бизнес — экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі екенін атап өтті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 2 миллионға жуық ШОБ субъектісі жұмыс істейді, онда 4 миллионға жуық адам еңбек етеді. Ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында олардың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40,4%-ға жеткен. Сонымен қатар бүгінгі таңда бизнестің дамуына жоғары пайыздық мөлшерлемемен берілетін кредиттер, кепілзаттың жеткіліксіздігі, әкімшілік кедергілер және өңірлердегі инфрақұрылымның әлсіздігі әлі де тосқауыл болып отыр. Осыған байланысты ол мемлекеттік органдар мен даму институттарын есеп берумен шектелмей, аталған мәселелерді шешуге бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеуге шақырды.
Бастапқы кәсіпкерлер мен жергілікті өндірушілерге қолдау көрсетудің нақты құралдары туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі департаментінің директорының міндетін атқарушы Динара Тәженова баяндады. «Даму» қорымен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, ведомство кәсіпкерлерге консультациялық көмек көрсетіп, «Бір ауыл — бір өнім» және «Іскер аймақ» өңірлік бастамаларын ілгерілетіп отыр.
«Даму» қорының өкілі Болат Есмағамбетов пен «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры Ксения Семенчук қаржылық және қаржылық емес қолдау көрсету тетіктерін түсіндіріп, әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған жеңілдіктерге жеке тоқталды. Ксения Семенчуктың айтуынша, «Іскер аймақ» бағдарламасы ауылдар мен шағын қалаларды дамытуға бағытталған және нақты өңірлік қажеттіліктерді ескере отырып жүзеге асырылады.
Сондай-ақ кәсіпкерлерге арналған цифрлық жобаларға ерекше қызығушылық танытылды. Олардың қатарында қолөнершілерге арналған Sheber платформасы, BusinessGO сервисі және сауда нысандарына арналған SaudaHub жүйесі бар.
Талқылау қорытындысы бойынша тараптар қолдау шараларының қолжетімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған бірқатар нақты ұсыныстарын ортаға салды. Қатысушылар, ең алдымен, ауылдық жерлерде және сауда саласында еңбек ететін өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет деген ортақ пікірге келді. Цифрлық дағдылардың жеткіліксіздігі салдарынан көптеген ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер өздеріне тиесілі жеңілдіктер мен қолдау бағдарламалары туралы біле бермейді.
Өз кезегінде Нұртай Сабильянов мемлекет жыл сайын тек жақсы несиелік тарихы бар бір заемшыларды ғана қолдаумен шектелмеуі керектігін атап өтті. Қолдау аясын кеңейтіп, бастапқы көмекке мұқтаж барлық кәсіпкерлерге, әсіресе ауылдық жерлердегі микро және шағын бизнес жобаларына нақты мүмкіндік беру маңызды. Осыған байланысты отырыста субсидиялаудан біртіндеп бас тартып, қолжетімді тікелей кредиттеуге көшу туралы ұсыныс та айтылды. Жылдық мөлшерлеме 12,6% деңгейінде болғанның өзінде, мұндай тетік кәсіпкерлердің әлдеқайда кең ауқымын қамтуға мүмкіндік береді.
Жиында комиссия мүшелері Қаржы министрлігінің өкілдеріне Baqylauda цифрлық мониторинг платформасының жұмысына қатысты сауалдарын қойды. Халық Кеңесінің мүшелері мен сарапшылар деректерді интеграциялау жұмыстарының қазіргі кезеңі және жүйенің толыққанды нәтижелерін қашан көрсететіні жөнінде сұрады. Платформа, ең алдымен, азаматтар үшін қолайлы әрі ашық болуы тиіс екені атап өтілді. Ол бөлінген бюджет қаражатының қаншалықты тиімді игеріліп жатқанын және оның ұлттық экономикаға қандай нақты пайда әкелетінін көрнекі түрде көрсетуі қажет.
Сонымен қатар Президент Жолдауында қойылған міндеттер аясында қатысушылар бизнестің қызметіне мемлекеттік бақылау жүргізу және мониторинг жасау мәселесін де көтерді. Нұртай Сабильянов бұл мәселені жан-жақты зерделеп, өткен жылдардағы тәжірибені талдау және салыстырмалы тәсіл негізінде байыппен қарастыру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, бақылау шараларын ұйымдастыру кезінде денсаулық сақтау және ұлттық қауіпсіздік сияқты стратегиялық маңызы бар салалардың ерекшеліктері міндетті түрде ескерілуі тиіс. Алайда бизнесті шексіз тексеруге жол беруге болмайды. Бұл ретте барлық шешімдер объективтілік қағидатына негізделуі қажет.
Бірлескен жұмысты одан әрі жалғастыру жөніндегі ұсыныстары мен өз көзқарастарын Ауыл шаруашылығы, Қаржы министрліктерінің өкілдері және басқа да қатысушылар ортаға салды. Пікір алмасу қорытындысы бойынша қатысушылар бизнесті мемлекеттік қолдау саясатын жетілдіруге бағытталған практикалық ұсынымдар кешенін әзірледі.
Ұсыныстар мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыруға, әкімшілік жүктемені азайтуға және шағын және орта кәсіпкерліктің тұрақты дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған. Қорытынды құжатты бейінді Комитеттің қарауына енгізу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Құрылтай депутаттары екі аптада 18 мыңға жуық адаммен кездесіп, бірқатар маңызды тақырып көтергенін жаздық.