Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Кәсіпкерлерге арналған 150 мемлекеттік қолдау шарасы онлайн форматқа көшіріледі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда кәсіпкерлерге арналған барлық 150 мемлекеттік қолдау шарасын онлайн рәсімдеу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабеков айтты.

Кәсіпкерлерге арналған 150 мемлекеттік қолдау шарасы онлайн форматқа көшіріледі
Фото: pixabay.com

Оның айтуынша, бүгінде елімізде кәсіпкерлерге арналған 150 мемлекеттік қолдау шарасы бекітілген. Олардың тек 63-і ғана электронды форматта қолжетімді болса, қалған 87-сі әлі де қағаз түрінде көрсетіліп келеді.

— Біз қағаз процестерді жай ғана электронды форматқа көшіруді емес, алдымен оларды қайта қарап, артық рәсімдер мен әкімшілік кедергілерді жоюды көздеп отырмыз, — деді вице-министр.

Осы мақсатта мемлекеттік қолдау шараларын кезең-кезеңімен eGov Business платформасына көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алғашқы кезеңде цифрландыру үшін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің қолдау құралдары таңдалған. 2024-2025 жылдары холдинг пен оның еншілес ұйымдары мемлекеттік қолдау көрсету процестеріне реинжиниринг жүргізген. Соның нәтижесінде бірқатар қызметті алу тәртібі айтарлықтай жеңілдетілген.

Мәселен, бұрын «ҚазАгроФинанс» АҚ 5 пайыздық жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша өтінім беру және оны қарау процесі 80-нен астам қадамды қамтып, екі жұмыс күніне дейін созылатын. Қайта ұйымдастырудан кейін рәсімдер саны шамамен 30 қадамға дейін қысқарып, өтінімді қарау мерзімі 5-10 минутқа дейін азайған.

Келесі кезеңде бұл қызметтер eGov Business порталымен біріктіріледі. Соның арқасында мемлекеттік деректер негізінде көптеген жол автоматты түрде толтырылып, кәсіпкер өтінімді бірнеше қадам арқылы ғана бере алады.

— Портал мен мобильді қосымша арқылы кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау шарттарымен танысып, өтінім беруге, қажетті құжаттарға қол қоюға және өтінімнің қаралу мәртебесін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік алады. Қазіргі уақытта портал арқылы «Автобус лизингі» мемлекеттік қолдау шарасына өтінім беру қызметі іске қосылған. Тағы екі қызмет енгізіліп жатыр, ал 8-і келесі кезеңге жоспарланған, — деді Б. Молдабеков.

Вице-министрдің айтуынша, биыл жыл соңына дейін 20 мемлекеттік қолдау шарасын онлайн форматқа көшіру көзделіп отыр. Ал келесі жылдың соңына қарай кәсіпкерлер барлық 150 мемлекеттік қолдау шарасына электронды түрде өтінім бере алады.

Оған қоса, болашақта мемлекеттік қолдау көрсету жүйесін проактивті форматқа көшіру жоспарланған. Онда мемлекет кәсіпкердің цифрлық профилі мен деректер талдауы негізінде оған ең қолайлы қолдау құралдарын өздігінен ұсынбақ.

Айта кетейік, бүгін Үкімет мүшелері мемлекеттік қызметтер саласында жасанды интеллектіні енгізу жұмыстарын талқылады.