Кәсіпқой бокс: Александр Усик чемпиондық белбеулерінен бас тартатынын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM – Украиналық боксшы Александр Усик өзіне тиесілі барлық чемпиондық белбеуден бас тартатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Instagram желісінде жариялаған бейнеүндеуінде айтты, деп хабарлайды ВВС.

Кәсіпқой бокс: Александр Усик чемпиондық белбеулерінен бас тартатынын мәлімдеді
Фото: ЕРА

– Мен қазір қолымдағы барлық чемпиондық белбеуден бас тартқым келеді. Кезекте тұрған жігіттер сол белбеулер үшін жұдырықтассын, – деді Усик.

Дегенмен боксшы спорттық мансабын аяқтамайтынын атап өтті.

– Мен белбеулерді босатамын, бірақ спорттан кетпеймін. Өйткені менде last dance – соңғы биім бар, – деді ол.

Усиктің айтуынша, бұл – саналы түрде қабылданған шешім.

– Бұл шешім мен үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенемін. Бұл – оқиғаның соңы емес. Жалғасы әлі алда, – деп қосты боксшы.

Қазір Александр Усик аса ауыр салмақта WBC, WBA және IBF нұсқалары бойынша абсолютті әлем чемпионы саналады.

Кәсіпқой мансабында ол бірде-бір рет жеңілген емес. Усик 25 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Оның 16-сын мерзімінен бұрын аяқтаған.

Соңғы жекпе-жегін мамыр айының соңында өткізіп, «кикбоксинг королі» атанып кеткен нидерландтық Рико Верхувенді нокаутпен жеңген.

Еске сала кетсек, бұған дейін Александр Усик тағы да аса ауыр салмақта абсолютті әлем чемпионы атанғанын жаздық.