Кәсіпқой бокс: Қазақстандық Ангелина Лукас әлем чемпионы титулына таласады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін, яғни 31 қаңтарда қазақстандық кәсіпқой боксшы қыз Ангелина Лукас әлем чемпионы атағы үшін пәкстандық Рома Юсафпен жұдырықтасады.
Жекпе-жек кеші Әзербайжан астанасы Бакуде өтеді. 26 жастағы Лукас жекпе-жек алдында салмақ өлшеу рәсімінен сәтті өтті.

Бұл туралы боксшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Салмақты өлшеу процедурасы аяқталды. Мен салмақ тастауда керемет жұмыс жасай отырып, дегеніме жеттім! Ертең Әзербайжанның астанасында аты аңызға айналған әлем чемпионы титулы үшін үлкен тартыс өтеді. Менің кәсіби бокс әлеміндегі басты мақсатым — әлем чемпионы болу», - деп жазды ол.
Сонымен қатар, Ангелина Лукас алдына қойған ауқымды мақсаттарымен бөлісті.
"Мен өз елімізде өте талантты жүздеген боксшыны танимын, алайда олар бүгінгі күнде немен айналысарларын білмей, қол қусырып отыр. Кейбір боксшылар әуесқой бокстан кейін өз өздерін тастап жіберіп, кәсіби бокспен айналысудың жолын таппайды.
Сол себепті мен промоутерлік компаниясын ашып, оларға кәсіби боксқа жол ашсам деген ойым бар!", - дейді боксшы ару.
Еске салайық, бұл Ангелина Лукастың кәсіби бокстағы жетінші жекпе-жегі. Бұған дейінгі алты кездесудің бесеуінде жеңіске жетіп, соңғы кездесуде Чили боксшысы Даниэла Асенходан жеңіліп қалды.