Қастандық жасаудан Ауғанстан Президентінің бауыры қаза тапты
АСТАНА. 12 шілде. ҚазАқпарат -Ауғанстан Президенті Хамид Карзайдың бауыры Ахмед Уәли Карзай қастандық салдарынан жарақат алды.
Reuters агенттігіне сілтеме жасап РБК агенттігінің хабарлауынша, Ахмет Уәли Карзайға қастандық оның өз үйінде жасалған. Ауған басшысының бауыры алған жарақаттан көз жұмды. Бұл ақпаратты Қандағар уәлаятының губернаторы Залмай Аюби мен марқұмның туыстарының бірі қуаттады.
Американдық бұқаралық ақпарат құралдарының айтуынша, Ахмед Уәли Карзай өңірдегі ірі есірткі алпауыттарының бірі болған көрінеді.
Ауған президентінің туысына жасалған қастандық Франция Президенті Николя Саркозидің сапармен тұстас орын алғанын айта кету керек. Бес сағаттық сапарының аясында Кабулге ат басын тіреген Н.Саркози, Ауғанстан Президентімен, американдық әскери күштердің қолбасшысы генерал Дэвид Петреуспен және француз әскерилерімен кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.