«Қасым» фильмі арқылы біз тарихи әділдікті орнатып отырмыз - «КТК» телеарнасының бас директоры

АСТАНА. 30 сәуір. ҚазАқпарат - Кеңес үкіметі тұсында қазақ батырлары туралы бірде-бір фильм түсірілген емес.
None
None

Сондықтан біз бұл олқылықты жойып, қазақтың біртуар батыры Қасым Қайсеновтың ерлігін баяндайтын фильмі арқылы тарихи әділдікті орнатуды көздедік. Бүгін «Қасым» атты фильміне арналған баспасөз мәслихатында идея авторы, «КТК» телеарнасының бас директоры Арман Шораев осылай мәлім етті.

Оның айтуынша, фильм тарихи деректердің негізінде түсірілген. «Бас кезінде сценарий авторы Андрей Курейчик Қасым туралы материалдарды ғаламтордан оқып шыққанан кейін бізге бірден хабарласып: «Ақшаны төлемесеңдер де, мен бұл кісі туралы сценарий жазамын, рұқсат болса?», - деп сұрақты төтесінен қойды. Фильмде тарихи деректер бар. Бірақ көрерменнің қызығушылығын арттыру үшін автор кейбір оқиғаларды ойдан шығарды. «Қасым» фильмін әскери детектив деуге болады. Ең бастысы, біз соғыс кезіндегі қазақ батырының ерлігін көрсете білдік. Негізі, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ұлттардың саны жағынан қазақтар төртінші орында тұр ғой. Біз Ұлы жеңіске үлкен үлес қостық. Түркі халықтарының ішінде Әлия мен Мәншүк «Кеңес Одағының Батыры» атағына ие болды. Оның өзі қазақ халқының өшпес рухын көрсетсе керек. Мен өзім ресейлік сериалдарды көрген кезде, өзбек, қырғыз, тіпті буряттарды жиі байқаймын. Ал қазақ туралы ештеңе айтылмайды. Сондықтан осы «Қасым» атты фильмді түсіру арқылы біз тарихи әділдікті орнатып отырмыз», - деп атап көрсетті А.Шораев.

«Қасым» атты төрт сериялы туынды «Қазақстан» ұлттық арнасы, «Еуразия» бірінші арнасы, «INTRA Communication» (Ресей) және «FILM UA» (Украина) компанияларының қатысуымен түсірілді. Фильмде Қасымның рөлін Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрының актері Қуандық Қыстықбаев сомдаған. Сценарий авторы - Андрей Курейчик. Режиссері - Леонид Белозорович. «Қасым» фильмі Қазақстанда ғана емес, Ресей мен Украинада да көрсетіледі. Себебі бұл жобаға осы екі елдің шығармашылық ұжымдары атсалысып, қаржы құйды.

Айта кетейік, 7 мамыр күні кешкі сағат 19:30-да «Қасым» сериалы «Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетіле бастайды. Ал 9 мамырда «Еуразия» бірінші арнасы оның төрт сериясын бірден экранға шығармақ. 22 маусым күні «КТК» телеарнасы қайталап көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар