Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге «жерлеуден жемтік іздегендерді» жөнге келтіруді тапсырды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір пысықтар пайда табу үшін барлық адамгершілік қағидаттарды аттап өтіп, халықты алдау мен бопсалаудан тайынбай отырғанын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге «жерлеуден жемтік іздегендерді» жөнге келтіруді тапсырды

Президенттің айтуынша, мәйітханалар мен жерлеу қызметінде сорақы тірліктер атқарылып жатыр.

«Соңғы екі аптада мәйітті тасымалдау және жерлеу үшін төленетін ақы қатты өсіп кеткен. Мұны көпшіліктің қалтасы көтере бермейді. Әкімдерге бір күн ішінде «жерлеуден жемтік іздегендерді» жөнге келтіруді тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес мәселелері бойынша селекторлық отырысында.

Президент сондай-ақ дертке шалдығушылар санының артуы, коронавирус рейтингіне ғана емес, Қазақстанның инвестициялық ахуалына, туристік әлеуетіне және елімізге тартылатын жаңа технологияларға да кері әсер ететінін атап өтті. Үкімет барлық сын-қатерлерді жою үшін бұл жағдайды өзінің жұмыс жоспарында ескеруі керек.

Қазақстан Президенті пандемия кезіндегі кез келген қате шешім, бюрократиялық кедергілер, жауапкершіліктен бас тарту жүздеген адамның өмірі мен денсаулығына зиян тигізуі мүмкін екенін баса айтты.

Жиын соңында Мемлекет басшысы коронавирус жөніндегі барлық дерек, оның ішінде, статистикалық мәліметтер Үкіметтің айрықша құзыретінде болуы қажет екенін мәлім етті. Өйткені бұл жекелеген адамдардың жалған ақпарат таратып, қоғамды адастырудан сақтайды.