Қасым-Жомарт Тоқаев асығыс дайындалған заң жобаларындағы олқылықтарды атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенат төрағасы  Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенатының үшінші сессиясының жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Бүгін біз палатаның үшінші сессиядағы жұмысын аяқтадық. Сессия барысында экономикалық, саяси және рухани жаңғыру жолындағы іргелі істерді жүзеге асыруға қажетті заңдарды қабылдау бойынша тыңғылықты жұмыс атқарылды. Бүгінгі халықаралық ахуалда текетірес күшейген кезеңде еліміздің тұрақты дамуын және ұлттық мүддесін қамтамасыз етуге бағытталған Мемлекет басшысының стратегиялық шешімдерін заңнамалық жағынан дер кезінде қамтамасыз етудің маңызы ерекше. Елбасының Жолдауы және халықтық әл-ауқатын көздейтін бес әлеуметтік бастамасынан туындайтын ауқымды міндеттерді жүзеге асыру барысында Парламент 84 заң қабылдады. Олардың бірқатары күшіне еніп, бүгінде халық игілігіне қызмет етуде. Қазіргі жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлер тоғысында ішкі саяси тұрақтылықты сақтау және халықаралық аренада ұлттық мүддемізді қорғау мәселелері өте маңызды. Осы ретте таяуда қабылданған Қауіпсіздік Кеңесі туралы Заң қазіргі дүрбелеңге толы дүниеде мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, елдегі ішкі және сыртқы саясатты жүргізуде Елбасының жетекші рөліне берік құқықтық жағдайды, кепілдіктерді әрқашан да қамтамасыз етеді», - деп атап өтті Қ. Тоқаев Сенаттың бүгінгі жалпы отырысында. 

Бұдан бөлек, Сенат төрағасы сессия барысында қабылданған бірқатар заңдардың маңыздылығына тоқталды. Алдағы уақытта қабылданған заңдардың орындалуы сенаторлардың бақылауында болады.

«Сондай-ақ Парламент қарауына келіп түсетін заң жобаларының мазмұндық жағынан сапасы әлі де өзекті болып қалуда. Үкіметтің назарын осы мәселеге аударғым келеді. Себебі асығыс дайындалған жобаларда кездесетін олқылықтар заңнамада қайшылықтардың орын алуына жол береді», - деп ескерді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жалпы алғанда, сессия барысында заң шығарушылықпен қатар, палата қызметінің өзге де бағыттары бойынша айтарлықтай жұмыс атқарылды. Білім беру жүйесі, денсаулық сақтау саласы және банк секторы мәселелеріне, сондай-ақ цифрландыру бағдарламасына арналған төрт парламенттік тыңдау жоғары деңгейде өткізілді.

«Алқалы жиындарда ұтымды пікірлер мен сындарлы ұсыныстар айтылып, түйткілді пробеламалар жан-жақты зерделенді. Көтерілген кейбір мәселелер бойынша орталық атқарушы органдарға тиісті тапсырмалар жүктеліп, депутаттық бақылауға алынды. Жалпы сессия барысында 101 депутаттық сауал жолданды. Бұдан бөлек, Сенаттың тұрақты комитеттері өткізген 23 көшпелі отырыс, 14 дөңгелдек үстел, 19 кездесу аясында заңдардың және мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы барысы егжей-тегжейлі талқыланды»,-деді Сенат төрағасы.

Еске сала кетейік, 29 масымда Парламент палаталарының бірлескен отырысында алтыншы шақырылған Парламенттің үшінші сессия қорытындыланып, алдағы жоспарлар белгіленетін болады.

Соңғы жаңалықтар