Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың қанша қолдау қолын жинады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдап 313 мыңнан астам азамат қол қойған. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында комиссия хатшысы Сәбила Мұстафина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың қанша қолдау қолын жинады

«Орталық сайлау комиссиясына кандидатты тіркеу үшін мынадай құжаттар: Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кірістері мен мүлкi жөнінде декларация тапсырғаны туралы Мемлекеттік кірістер органының анықтамасы; Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың оны тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы туралы медициналық қорытынды; облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Қазақстан Республикасы астанасының аумақтық сайлау комиссияларының Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауына азаматтардың жиналған қолдарын тексеру нәтижелері туралы хаттамалары - ұсынылды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, осы хаттамаларға сәйкес Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауына Қазақстанның барлық 17 өңірінен 315 910 азаматтың қолы жиналды. Олардың 313 653-і дұрыс деп танылды.

«Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясының 2019 жылғы 15 сәуірдегі № 13/237 қаулысымен белгіленген Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидатты қолдау үшін дұрыс қолдардың қажетті саны кемінде 118 140 қолды құрайды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Президенттікке кандидат ретінде тіркеуге қажетті барлық құжаттар Орталық сайлау комиссиясына ұсынылды және оларға қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді», - деді ол.

Бұған дейін Орталық сайлау комссиясы Президент сайлауына кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты тіркегендігін хабарлаған едік.