Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған бір топ қазақстандық депутаттар БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті
деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.
Жоғары мәртебелі мейманмен кездесу барысында Қ.Тоқаев Семей полигонында, Курчатов қаласында болуына және жаһандық қарусыздану үдерістері мен ядролық қаруды таратпау тәртібін нығайтудағы Қазақстанның рөлі туралы маңызды мәлімдемесіне орай ризашылық білдірді.
«Сіздің сапарыңызды қазақстандықтар ризашылықпен еске алатын болады»,-деді төраға және ол Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының саясатын жан-жақты қолдайтынын атап өтті.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун қаруды таратпау және ядролық қауіпті азайту саласындағы Қазақстанның белсенді рөлі, осы сала бойынша бекітілген халықаралық келісімдерді біздің мемлекетіміз қатаң сақтайтыны Біріккен Ұлттар Ұйымында кеңінен танымал екенін атап өтті. Ол Қазақстанның әлемдік саясаттағы өзекті мәселелерге теңгерімді және нақтылы қадамдары Бас Ассамблеяда жақсы белгілі екенін, ал еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары мен іс-қимылы осынау халықаралық ұйым тарапынан түсіністік пен қолдау тауып отырғанын атап өтті.
«Біз ядролық қарудан бас тарту жөніндегі Қазақстанның дана және батыл шешімін жоғары бағалаймыз, 29 тамызды БҰҰ Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде жариялай отырып осы тарихи оқиғаны атап өтті»,-деді Пан Ги Мун. Алдағы сәуірдің ортасында ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке Қазақстан мен АҚШ басшыларының қатысуы бүкіл әлемдегі ядролық қауіптің азайту ісіне қомақты үлес болатынын атап өтті.
Ол сондай-ақ халықаралық құқықтың негізгі қағидалары мен кедейшілікпен күреске, экономикалық және саяси реформаларды ілгерілетуге, аймақтық интеграция мен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Мемлекет басшысының маңызды бастамаларын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету жөніндегі қазақстандық парламентшілердің қызметін жоғары бағалады.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жер жүзіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі Пан Ги Мунның қызметіне ризашылық білдірді және БҰҰ Бас Ассамблеясының өкілдеріне алдағы мамырда өтетін Трансазиялық парламенттік жиынға қатысуға шақырды.