Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған депутаттар «Қазақстан Республикасының ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі кеңесінің активімен кездесті
деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.
Кездесуге қатысушылар алдында сөз алған жоғарғы палата басшысы бұл оқиғаның маңыздылығына тоқтала келіп, Ұлы Жеңіс мерекесінің қарсаңында адамзат тарихында ауқымы мен зардаптарында теңдесі жоқ соғыста ерлік көрсеткен 15 мыңнан астам батырларды бүкіл елімізде құрмет тұтатынын атап өтті.
«Басқа елдермен қатар Қазақстан да фашизмді күйретуге зор үлес қосты. Біздің әкелеріміз бен аталарымыз іс жүзінде барлық майдандарда соғысты. Олар 41-ші жылы Мәскеу түбінде жауды тоқтатты, 42-ші жылы Сталинградты қорғады, 43-ші жылы Курск доғасында айқасты, Украина мен Белоруссияны, 44-ші жылы шабуылмен Шығыс Еуропа елдерін азат етті, Берлинді алды және жеңісті 45-ші жылы Рейхстагқа Жеңіс туын тікті»,-деді Қ.Тоқаев.
Төраға атап өткендей, біздің отандастарымыздың 1 миллион 700 мыңнан астамы майдандарда соғысты, жүздеген мың жерлестеріміз айқастарда көрсеткен ерліктері үшін ордендермен, медальдармен марапатталды, бес жүзге жуық қазақстандықтар Кеңес Одағының Батыры жоғары атағына ие болды.
«Біздің елімізден алыс жерлерде Бауыржан Момышұлының қолбасшылық дарыны мен ерліктері, панфиловшы батырлардың, пулеметші Мәншүк Мәметованың, мерген Әлия Молдағұлова мен Ыбрайым Сүлейменовтің, ұшқыш Талғат Бигелдиновтің, Сергей Луганскийдің және басқа да батырлардың ержүректігі кеңінен танымал болды»,-деді төраға.
Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін деген жалпы халықтық соғыста қазақстандықтар тылдағы еңбекпен де жеңісті жақындата түсті. Халықтың ерекше күш-жігері мен өлшеусіз еңбегі арқасында майдан тапсырыстарын орындауда табыстарға қол жетті. Қазақстанның барлық облыс орталықтарында болашақ жеңіске лайықты үлес қосқан жаңа қорғаныс кәсіпорындары пайда болды.
«1418 күн мен түнге созылған Ұлы Отан соғысында күн сайын 20 мыңға жуық кеңес адамдары қаза тапқанын» атап өте келіп, төраға «кейбір саясаткерлер мен ғалымдардың Ұлы Отан соғысының қорытындыларын қайта жазуға, нақтырақ айтқанда «қайта қарауға» талпыныстарына» өзінің қарсылығын білдірді.
«Менің ойымша, біздің ортақ Жеңісімізді - біздің негізгі қағидамызды тексеруге талпыну - тарихи, саяси және адамгершілік тұрғысында ең кемі дұрыс емес және болмайтын мәселе»,-деді Қ.Тоқаев.
«45-ші жылғы Жеңістің арқасында біз бейбіт және тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп отырмыз. Нарықтық және демократиялық жаңарулар мен өмір деңгейін көтеруде Қазақстан қысқа мерзімде ТМД елдері арасында көшбасшыға айналды. Оған Сіздер де зор еңбек сіңірдіңіздер. Біздің бүгінгі жетістіктеріміз Сіздердің жеңістеріңіз»,-деді төраға.
Ардагерлердің өмір жолы, ісі мен қадамдары жас ұрпақ үшін ержүректік пен қайсарлықтың жарқын үлгісі екенін айта келіп, төраға Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен ардагерлерге қамқорлық пен көмек беруге Мемлекет басшысы тарапынан тұрақты түрде баса назар аударылып келе жатқанын атап өтті. Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында Президент билік органдары алдына ардагерлер өмірін жақсарту жөніндегі мәселелерді ерекше белгілеп, нақты міндеттер қойып келеді.
Сөз соңында Қ.Тоқаев ардагерлерге ізгі тілектестігін білдіре отырып «Сіздердің әрқайсыларыңыздан ерлік пен батырлық өнегесі көрінеді. Сіздер өз еліне деген ерлік пен іңкәрлікті тек соғыс кезінде ғана емес, одан кейін де мемлекетке адал қызмет етумен және ерлік істеріңізбен көрсеттіңіздер, еңбек майданын жалғастырдыңыздар», деді.
Кездесуде «Нұр Отан» ХДП хатшысы С.Громов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіхалықова, қорғаныс министрінің орынбасары Б.Сембинов, «Қазақстан Республикасының ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Орталық Кеңесінің төрағасы Қ.Сүлейменов, Астана қаласы ардагерлер активінің мүшелері Қ.Тоқабаев және Л.Картаузов, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің басшысы Ш.Әбутәліпов пен Қорғаныс министрлігі ардагерлер Кеңесінің басшысы А.Есенқұлов сөз сөйледі.