Қасым-Жомарт Тоқаев екі автожолдың құрылысына қатысты тапсырма берді

None
None
ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі автожолдың құрылысына қатысты тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2024 жылы Жезқазған-Қызылорда автомобиль жолының құрылысы аяқталуы тиіс. Бұл Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының сауда-көлік байланысын күшейтуге, сонымен қатар жүк транзитін арттыруға мүмкіндік береді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұзда өтіп жатқан моноқалаларды дамыту мәселелеріне арналған жиналыста.

Ақорданың Twitter-дегі мәліметіне сәйкес, сондай-ақ Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан-Алматы жолын жаңғыртуды 2023 жылы аяқтауды тапсырды.

«Шалғайдағы ірі моноқалардың еліміздің өзге өңірлермен стратегиялық көлік байланысын қамтамасыз ету қажет. Мен Нұр-Сұлтан-Алматы жолын жаңғыртуды 2023 жылы аяқтау тапсырмасын бердім. Ол Балқаш қаласының әлеуетін айтарлықтай арттыратын болады», - деді ҚР Президенті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Павлодар облысының Екібастұз қаласына келді. Мемлекет басшысы жұмыс сапары барысында моноқалаларды дамыту жөнінде кеңес өткізіп, Президенттік жастар кадр резервінің өкілдерімен кездеседі. Сонымен қатар қаладағы индустриалды кәсіпорындарға барады деп жоспарланған.
Соңғы жаңалықтар