Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар әмірімен кездесті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі Тамим бен Хамад Әл Танимен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар әмірімен кездесті

Мемлекет басшысы кездесуде Қазақстанның Қатармен ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын және екіжақты байланыстарды нығайтуға ниетті екенін атап өтті.

– Бұл кездесуімізге өте қуаныштымын. Біздің елдеріміз арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетудің мүмкіндіктері көп. Қатардың инвестициялық әлеуетін жақсы білеміз. Біздің мемлекеттеріміздің өзара іс-қимылдарын кеңейтуге, соның ішінде Қатар елінен инвестиция тарту бойынша тиісті тетіктерді іске қосуға ниеттіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қатар Әмірі Тамим бен Хамад Әл Тани Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануымен тағы да құттықтап, елдер арасындағы өзара қарым-қатынастың нығая түсетініне сенім білдірді.

– Біз сіздің еліңізге инвестиция салуға ниеттіміз. Бұған Қазақстан да мүдделі. Біздің ынтымақтастығымызды арттыру бағытында бірлескен техникалық комиссия құрылса, елдеріміздің өзара қарым-қатынасына оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын, – деп атап өтті Тамим бен Хамад Әл Тани.

Кездесу соңында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әміріне Футболдан әлем чемпионатын абыроймен өткізуге тілектестік білдірді.
null