Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Шымкент қаласында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
None
Фото: akorda.kz

Қазақстан мен Өзбекстан президенттері екі ел арасындағы одақтастық қатынастардың қазіргі жағдайын және оны нығайту перспективаларын өзара сенім, достық және тату көршілік рухында қарастырды.

Тараптар Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр желтоқсан айында Ташкентке жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын талқылады.

Екі ел басшылары сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, өзара тауар айналымын арттыру, инвестиция тарту, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларындағы қарым-қатынастарды дамыту перспективалары туралы сөз болды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізу үшін Шымкент қаласына барғанын жаздық.


Соңғы жаңалықтар