Қасым-Жомарт Тоқаев: Парламентаралық форум халықтарымыздың мүддесіне сай келетін уақытылы бастама

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттерінің Парламентаралық форумына қатысушыларға құттықтау хат жолдады. Бүгін Түркістанда өтіп жатқан форумда Мемлекет басшысының құттықтау хатын ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев оқып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрметті форумға қатысушылар! Қонақжай қазақ жеріне басқан қадамдарыңызға шын жүректен құтты болсын айтамын. Орталық Азия мемлекеттерінің тұңғыш Парламентаралық форумының біздің халықтарымыз үшін ерекше қасиетті саналатын Түркістан қаласында өтуінде терең символдық мән жатыр. Бізді тағдырдың өзі тығыз байланыстырады. Түбі бір тарихымыз, рухани туыстығымыз бен ғасырлар бойғы мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз да бізді біріктіреді. Елдеріміздің арасындағы ұзақмерзімді өзара қарым-қатынастардың қазіргі күні табысты жалғасын табуы да осынау мызғымас іргетасымыздың арқасы», - делінген Мемлекет басшысының хатында.

«Соңғы жылдары біздің өңірімізде жан-жақты ынтамақтастық ерекше қарқынмен дамып жатқанын айрықша атап өткім келеді. Саяси диалогтың жоғары деңгейі, өзара сауданың айтарлықтай өсуі, экономиканың басым салаларындағы кооперацияның қарқын ала түсуі және тағы басқалары осының айғағы. Бұл үдерісте өңірлік өзара әрекеттестіктің негізгі бағыттарын айқындайтын Орталық Азия көшбасшыларының жүйелі түрдегі Консультативтік кездесулері ерекше орынға ие», - дейді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентаралық форумды өткізу бастамасы уақытылы екенін әрі халықтардың түпкілікті мүддесіне жауап беретінін атап өтеді.

«Күрделі геосаяси ахуал мен әлемдік экономиканың турбуленттілігі жағдайында парламенттік дипломатияның маңызы артып отыр. Парламентшілер қызметі екіжақты келісімдерді заңнамалық қамтамасыз етуде, достық пен тату көршілік ахуалының сақталуына, өңірдегі өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуда үлкен рөл атқарады», - делінген Президент хатында.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы бүгінгі күні өңір мемлекеттері үшін экономикалық кооперацияны кезеңімен тереңдетудің маңызына тоқталып өтеді. Бұл ретте Президент өңірлік және шекарамаңы сауда-саттығын нығайту, көлік-транзиттік саладағы әріптестікті дамыту, жаңа заманауи жобаларды жүзеге асыру мәселесіне тоқталады.

«Парламентаралық форумды өткізу халықтарымыздың мүддесіне сай келетін уақтылы бастама. Бүгінгі шиеленіскен геосаяси ахуал және құбылмалы әлемдік экономика жағдайында парламенттік дипломатияның маңызы айтарлықтай артып отыр. Екіжақты келісімдерді қамтамасыз етуде, достық және тату көршілік қатынасты сақтауда, өңірдегі өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуда парламентшілердің қызметі айрықша рөл атқарады. Қазіргі таңда біздің елдеріміз үшін экономикалық кооперацияны дәйекті түрде дамытудың мәні зор. Бұл ретте өңірлік және шекара маңындағы сауда-саттықты арттыруға, көлік-транзиттік саладағы серіктестікті дамытуға, жаңа бірлескен жобаларды қолға алуға баса мән берген абзал. Орталық Азияның ортақ рухани мұрасын сақтау және біртұтас мәдени-тарихи кеңістігін қалыптастыру үшін гуманитарлық ынтымақтастықты жаңа қарқынмен жандандыру маңызды», – делінген Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуінде.


Соңғы жаңалықтар