Қасым-Жомарт Тоқаев шағын бизнесі жабылып жатқан өңірлерді атады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бірқатар өңір жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес санының қысқаруына жол беріп отыр. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақорда баспасөз қызметінің Twitter-дегі парақшасына сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев шағын бизнесі жабылып жатқан өңірлерді атады

«Шағын және орта бизнесті қолдау үшін дағдарысқа қарсы бірқатар теңдессіз шара қабылданды. Дегенмен, өңірлердің басым бөлігінде жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілері санының қысқаруына жол берілген», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президентінің дерегінше, мұндай олқылық 8 өңірде орын алған. Ал Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарында ШОБ саны қатты қысқарып кеткен.

Айта кетейік, видеобайланыс арқылы өтіп жатқан жиында Үкімет 2020 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы есеп берді. Сондай-ақ коронавирусқа қарсы күреске қатысты қабылданған шаралар, Мемлекет басшысының Үкіметтің алдағы уақытта атқаратын жұмысының негізгі бағыттары бойынша берген тапсырмалары мен міндеттері қарастырылды.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен жыл соңына дейін орындайтын міндеттер жөнінде Премьер-Министр Асқар Мамин, ақша-несие саясатына қатысты шаралар туралы Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев, еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шаралар туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндама жасады.