Қасым-Жомарт Тоқаев утилизациялық алымға қатысты пікір білдірді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев утилизациялық алым мөлшерлемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Утилизациялық алым бойынша біз шешім қабылдадық. Барлық қаражат мемлекетке түседі. Енді ставкалардың мөлшерін анықтау қажет. Жұмыс тобы бұл мәселені белсенді талқылауда. Бірден айта кету керек, утильс алымды біз қайта қараймыз. Бірақ шектен шығудан аулақ болу керек. Автоөнеркәсіпті дамытуға жұмсалған ақшаны желге шашып, импорттық ескі көлікктер ағынына өз нарығымызды ашуға болмайды», - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ,бұл саладағы реформа қайта өңдеу немесе тіркеу жарнасын өзгерту үшін ғана қолға алынбағанын еске салды.
«Ең бастысы – тұтынушылар үшін автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін арттыру. Мен өндірушілер мен дистрибьюторлардың тиісті реакциясын күтемін. Үкіметтің алдын ала дайындаған баяндамасы оның дұрыс жолда екенін көрсетіп отыр»,- деді Президент.
Еске салсақ, бүгінгі отырыста ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов утилизация алымының мөлшерлемесі төмендетілетінін айтты.