Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілдері Шымкентте жастар форумына қатысты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері үгіт-насихат жұмыстарын Шымкент қаласында жалғастырды. Бұл туралы штабтың баспасөз қызметі хабарлады.
Қала жұртшылығымен кездескен штаб мүшелері кандидаттың сайлауалды бағдарламасына тоқталып, аталған құжатта білім беру саласын жетілдіруге ерекше көңіл бөлінгенін айтты.
Одан бөлек, Қ.Тоқаевтың қайраткерлік тұлғасына тоқталған штаб мүшелері кандидаттың тәжірибелі саясаткер екенін айтты.
Шымкент - Қазақстандағы ең жас мегаполис және жастар қаласы. Осыған орай Қ.Тоқаевтың сенімді өкілдері Республикалық штабтың «TeamQazaqstan» жастар қанатының форумына қатысты. Үш мыңнан астам жастың басын қосқан іс-шарада еліміздің белгілі өнер, спорт және мәдениет жұлдыздары пікір білдіріп, Елбасы саясатының сабақтастығын қолдайтындарын айтты. Сондай-ақ жастармен кездесуде кандидаттың жас буынға үлкен көңіл бөліп отырғаны кеңінен айтылды.
Бұдан кейін штаб мүшелері «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесті.