Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының кезекті, тоғызыншы отырысы аяқталды
АСТАНА. Желтоқсанның 3-і. ҚазАқпарат. Бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының кезекті, тоғызыншы отырысы аяқталды,
деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.
Қорытынды сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Хатшылық жұмысына белсенді қатысқаны және отырыстың күн тәртібі бойынша сындарлы пікір алмасу үшін жиынға қатысушылардың бәріне ризашылық білдірді.
Съез қызметін одан әрі жетілдіру ісінде Әлемдік діндер лидерлерінің тұрақты байланысы мен үнқатысуларының маңыздылығын атап өте келіп Төраға «әлем халықтарының дәстүрлі бірлігі мен конфессияаралық келісімі - біздің болашақ ұрпағымызға қалдыратын ең құнды игілігіміз», деп атап өтті.
Отырысқа қатысушылар күн тәртібіне енгізілген барлық мәселелерді қарады, Хатшылықтың тоғызыншы отырысының хаттамасын бекітті, алдағы IV Съез тақырыбының жобасын талқылады және Съез хатшылығының оныншы отырысын өткізетін күнді белгіледі.
Одан басқа алдағы Жиынның қорытынды құжаттарын әзірлеу жөніндегі Жұмыс тобының құрамы бекітілді.
Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Д.Қуанышев бастаған жаңа Жұмыс тобының мүшелеріне арнаған сөзінде төраға үшінші Съезде айтылған идеялар мен пікірлерді талдауға қатысты және төртінші діни Жиынның күн тәртібі мен тақырыбы бойынша ұсыныстар әзірлеудегі бұдан былайғы жұмыстарға тілектестік білдірді.