Қасымбек тоқтап тұрған кәсіпорындар бойынша нақты ақпарат беруге уәде етті
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек келесі аптада тоқтап тұрған өнідірістік ошақтардың өкілдерімен кездескеннен кейін әрбір өндіріс бойынша нақты ақпарат беруге уәде берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Иә, кеше Елбасы жағынан, бүгін Үкімет тарапынан тұралап қалған 72 кәсіпорынға қатысты сын айтылды. Расында, индустрияландыру аясында бір мыңнан астам жаңа кәсіорындар ашылды. Қазіргі кезде 72 өндіріс жұмыс істемейді. Ондай жобалар әрбір облыста, әрбір аймақта бар. Степногордағы «Сарэко» зауыты да бар. Ол «Қазатомөндіріс» ұлттық компаниясына қарайды. Оның жабылуына әлемдегі бағалардың өзгеруі себеп болды. Бұдан бөлек, тағы төрт-бес мәселесі бар. Сондықтан осындай проблемалар бар. Келесі аптаның ішінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Мамин мырза осы мәселе бойынша үлкен жиналыс өткізеді. Біз өзіміз министрлікте әрбір зауыттың өкілдерімен кездесеміз деп жоспарлап отырмыз. Келесі аптаның ішінде барлық зауыттар бойынша нақты ақпарат бере аламын. Қазір Степногордағы зауыт істей ме, істемей ме, оны нақты айта алмайын», - деді Қасымбек бүгін Үкіметтің отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, бүгінгі отырыста ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев тұралап қалған кәсіпорындардың мәселесін жан-жақты зерделеп шығуды тапсырды. «Бәлкім, кейбір кәсіпорындарды мүлдем жауып тастаған тиімді болар», - деді Сағынтаев. Үкіметтің кешегі кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы 150 млрд. теңгенің 72 кәсіпорны тоқтап тұрғаны үшін Министрлер кабинетінің жұмысын сынға алған болатын .