Қасымов: Адам қағып өлтірген әкім орынбасары әділ жазасын алады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жас жігітті қағып өлтірген Риддер әкімі орынбасарының үстінен қозғалған іс объективті түрде тергелетіндігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Үкімет отырысынан шыққан Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа журналистер қайтыс болған баланың туыстары «істің аяғына жетпей тежелуі мүмкін» деп алаңдап отырғанын жеткізген еді.
«Істі тежеуі мүмкін деген не сөз?! Адам тұтқынға алынды. Ол жерде анықтау қажет жайттар бар. Тергеп жатырмыз. Кінәлілердің барлығы жазаға тартылады», - деді Қалмұханбет Қасымов.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, осы жылдың 15 сәуірінде сағат 21.00 шамасында Риддерде қала әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев «BMW Х5» автокөлігін басқарып келе жатып, жоғары жылдамдықта 19 жастағы Е.В. Смольниковты қағып кеткен болатын.
Оқиға салдарынан бозбала көлік апаты болған жерде көз жұмды. Жол-көлік оқиғасы кезінде автокөліктің ішінде Б.П. Құрманбаевпен бірге Өскемен қаласының әкімі Қ.М. Тумабаев болған.
25 сәуірде ШҚО прокуратурасы қаза болған жігіттің туыстарынан бірнеше арыз түскенін хабарлады.
"19 сәуір күні Риддер қаласының прокуратурасына қайтыс болған Е.Смольниковтың әкесінен арыз түсті. Ол қайғылы оқиғаның себепкері Б.Р. Құрманбаевтың автокөлігін ұстау үшін іс-шаралар уақытылы қабылданбады деп, Риддер қаласының ІІБ қызметкерлерін жауапқа тартуды сұрады. Сондай-ақ, марқұмның әкесінің досы сол күні Риддер қаласының ІІД криминалдық полиция бөлімінің бастығы өзіне қысым көрсеткені туралы прокуратураға арызданды. Осы фактілер бойынша облыстық ІІД-нің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы Қылмыстық Кодекстің 370-бабы (қызметі бойынша әрекетсіздік) және 362-бабы, 4-бөлігі (күш көрсету қаупімен лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Қылмыстық істердің тергелуі облыс прокуратурасының бақылауында, олар бойынша барлық кешенді тергеу-жедел іс-шаралары өткізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жарияланбайды", - делінген құзырлы орган таратқан ақпаратта.