Қатаң карантин: Атырау облысында талаптың сақталуына рейд өтуде

АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысында қатаң карантин ережелерін бұзғандар анықталды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Қатаң карантин: Атырау облысында талаптың сақталуына рейд өтуде

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, мобильді топ мүшелері жүргізген рейдтік шаралар кезінде карантин талабын бұзған бірнеше дерек тіркелген.

«Рейд кезінде 40-тан аса азық-түлік дүкені, дәмхана мен мейрамханалар тексеріліп, олардың арасында шектелген уақыттан тыс жұмыс істеу фактілері анықталды. Сонымен қатар, 11 шілдеде Аққыстау ауылдық округінде жүргізілген тексеріс кезінде отбасылық жиын-той өткізіп жатқан бір отбасы анықталды. Аталған деректер қатысты тиісті шаралар қабылдау үшін материалдар Атырау қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды», - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ Атырау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция басқармасының взвод командирі Жасұлан Камареденовтің айтуынша, түнгі сағат 23:00-ден кейін жүрген 6 көлік иесіне ескерту берілді. Жұмыскер ауылында көлік жөндеу орталығының жұмыс істеп тұрғаны анықталса, түнгі сағат 00:30 шамасында Вокзал маңы ықшамауданында азық-түлік дүкені сауда-саттық жасаған.

Рейд кезінде облыс тұрғындарына отбасылық жиын-той өткізбеу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Ал, кәсіпкерлерге Атырау облысының бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен енгізілген талаптарды толық сақтау қажеттігі ескертілді.

Еске салайық, 11 шілде сағат 00.00-ден бастап Атырау облысында карантин күшейтілген болатын.

Қазір Атырау өңірі коронавирусқа шалдыққан науқастар саны бойынша елімізде алдыңғы орында тұр.