Қатаң режімдегі түзету мекемесінде Ашық есік күні өтеді
АСТАНА. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат /Ғалымжан Хасенов/ - Астанадағы қатаң режімдегі Е-166/10 түзету мекемесінде ертең Ашық есік күні болады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Астана қаласы бойынша басқармасынан мәлім еткеніндей, бұл шараға қоғамдық қадағалаушы комиссиялар мен діни конфессиялардың өкілдері, журналистер шақырылып отыр. Мұндай бұқаралық шаралар дәстүр бойынша сотталғандардың туған-туыстары мен жақындарының міндетті қатысуымен өтеді. Ертең түзету мекемесіне сырттан 150-дей азамат келеді деп күтілуде. Олар сотталғандардың коммуналдық-тұрмыстық жағдайымен танысады, мекеме асханасында болады. Ашық есік күні аясында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау ұйымдастырылады. Шара барысында мекемеде Астана қаласының мемлекеттік филармониясы мен «Шалқыма» би ансамблі өнер көрсетеді.