Қатар-2022: Нидерланд құрамасын жолдан тайдырған Аргентина жартылай финалға шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында Нидерланд пен Аргентина құрамалары жартылай финалдың жолдамасын сарапқа салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аргентинаның осыған дейін өз тарихында 1978 және 1986 жылғы дүниежүзілік додаларда топ жарғаны белгілі.

Нидерланд футболшыларының әлем чемпионаттарының финалында жолы болмай жүргені мәлім. Олар үш мәрте соңғы бәсекеге шыққанымен, бірде-бір рет жеңіс тұғырына көтеріле алмады.

Бұған дейін қос команданың өзара жолдары тоғыз рет тоқайласып, төртеуінде нидерландықтар, біреуінде аргентиналықтар жеңіске жеткен, төрт рет тең тарқасқан. Соның ішінде 2014 жылы Бразилияда өткен чемпионатта Аргентина Нидерланд құрамасын жартылай финалда 0:0 есебімен біткен матчта пенальти сериясында ғана ұтып, қапыда қалдырған болатын. Содан бері біраз уақыт өтіп, көптеген өзгерістер болғанымен, Аргентинаның жарық жұлдызы, 35 жастағы Лионель Месси әлі де сапта.

Бірінші таймда есеп дәл сол Мессидің қатысуымен ашылды. Науэль Молинадан доп алған Месси айып алаңына қарай жақындап, әріптесіне қайта дәл пас берді. Қақпашы Андрис Ноппертпен бетпе-бет шыққан Молина мүлт кеткен жоқ – 1:0.

Екінші кезеңде 71-минутта нидерландтық қорғаушы Дензел Думфрис өз айып алаңында Маркос Акуньяны шалып шықты. 73-минутта Месси 11 метрлік нүктеден есепті 2:0-ге жеткізді. Бұл Мессидің әлем чемпионаттарындағы оныншы голы еді.

Дегенмен 83-минутта оң қанаттан Стевен Бергхейс асырған допты Вут Вегхорст баспен торда тулатып, есепті қысқартты – 1:2. Бұлардың екеуі де тыңнан қосылған ойыншылар еді. Қосымша уақыт аяқталар тұста (90+11) нидерландтықтар айып добын орындағанда, Вут Вегхорст таразы басын теңестіріп кетті – 2:2.

Бұдан кейін екі экстратаймда аргентиналықтар көбірек қауіп төндіргенімен, есеп өзгермей, матч тағдыры пенальти сериясында шешілді. Онда Аргентина қақпашысы Эмилиано Мартинес қатарынан екі пенальтиді қайтарды.


Осылайша, пенальти сериясында Нидерланд құрамасын 4:3 есебімен ұтқан Лионель Скалонидің шәкірттері 13 желтоқсан күні финалға шығу үшін Хорватия құрамасымен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бразилияның бас бапкері орнын босатқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Лионель Месси әлем чемпионаттарындағы оныншы голын соқты.


Фото: CLIVE BRUNSKILL/GETTY IMAGES

Соңғы жаңалықтар