Қатар-2022: Португалия мен Оңтүстік Корея плей-офф кезеңіне шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында H тобында Оңтүстік Корея мен Португалия құрамалары жасыл алаңға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл топта Гананы 3:2, Уругвайды 2:0 есебімен тізе бүктірген Португалия екі турдан кейін-ақ плей-офф жолдамасына ие болған еді. Ал бір ғана ұпайы бар оңтүстіккореялықтарға жеңіс ауадай қажет-ті.

Өз тобында бірінші орын алу үшін Фернанду Сантуш шәкірттеріне тең ойын жеткілікті болатын. Ал жеңіліп қалған жағдайда қатар өтіп жатқан матчта Гана Уругвайды ұтып кетсе, онда доп айырмасын есептеуге тура келеді. Сондықтан португалиялықтардың оған жеткізбеуге тырысатыны түсінікті еді.

Португалия құрамасы матчты сәтті бастап, 5-минутта-ақ есеп ашты. Пепе алыстан оң қанатқа асырған допты Диогу Далот қабылдап алып, Рикарду Ортаға жылжытты. Ол өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 1:0.

Оңтүстіккореялықтар да қарап қалмай, 27-минутта Ким Ён Гвон таразы басын теңестірді – 1:1.

Екінші кезеңде 52-минутта Криштиану Роналду қақпашымен жекедара шығып, допты дұрыс соға алмады. Есесіне аргентиналық төреші Факундо Тельо қосымша 6 минут қосқан уақытта Оңтүстік Корея капитаны Сон Хын Миннан пас алған Хван Хи Чан жеңіс голын соғып кетті – 2:1.

Осылайша, оңтүстіккореялықтардан жеңіліп қалғанына қарамастан, Португалия өз тобынан бірінші орынмен плей-офқа шықты. Енді еуропалықтар 1/8 финалда G тобында екінші орын алған құрамамен ойнайды. Ол топта Бразилия плей-офқа күні бұрын шықса, екінші жолдама мәселесі 3 желтоқсанға қараған түнде өтетін соңғы, үшінші турда шешіледі.

Сондай-ақ плей-офқа шыққан Оңтүстік Корея 1/8 финалда G тобында жеңімпаз атанған құрамамен кездеседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бельгиямен тең түскен Хорватияның жарысты жалғастыратынын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Германия құрамасы плей-офф кезеңіне шыға алмай қалды.


Соңғы жаңалықтар