Катар араб мемлекеттерімен байланыстың үзілгендігіне қатысты үн қатты
ӘБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат - Катар мемлекетінің Сыртқы істер министрі шейх Мохаммед бин Абдулрахман Әл Тани Сауд Арабиясы, Бахрейн, БАӘ және Египет елдері Катармен байланыстың үзгендігіне өкініш білдірді.
Оның айтуынша, бұл - жағдайдың шегіне жете ушығуын көрсетеді, ал осындай жағдайда Катардың стратегиялық таңдауы кез келген дағдарысты диалог арқылы шешу болып қала береді.
«Шынымды айтсам, оқиғаның неліктен осы бағытта орын алғанын білмейміз. Дағдарыстың шынайы себептері бар ма немесе бізге беймәлім дүниелер негіз болды ма, ол жағы да белгісіз», - деп келтіреді шейх Мохаммед бин Абдулрахман Әл-Танидің сөзін Дохадағы Әл-Жазира телеарнасы.
Катардың сыртқы істер министрінің сөзіне қарағанда, егер шынайы себептер болса «мұндай ушығуға негіз болмас еді және Дохаға қатысты медиафальсификацияға орын жоқ еді».
«Егер (дипломатиялық қарым-қатынастың үзілуіне) шынайы себептер болса, ол Парсы шығанағындағы Aраб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесіне қатысушы-көшбасшылардың кездесуінде талқыға салынатын еді. Алайда, бұрын-соңды, соның ішінде Эр-Риядтағы америкалық-ислам саммитінде де бұл мәселе мүлдем айтылған жоқ», - деді катарлық министр.