Қатар ЕҚЫҰ-ның ынтымақтастық жөніндегі 12-серіктесі атанды
АСТАНА. KAZINFORM – Қатар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) ынтымақтастық жөніндегі 12-серіктесі мәртебесін алды. Бұл шешімді ұйымға мүше 57 мемлекеттің барлығы қолдады, деп хабарлайды Qatar News Agency агенттігі.
Тиісті шешім 22 қазанда ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінде үнсіз келісім рәсімі арқылы қабылданды.
Осылайша, Қатар Аустралия, Жапония, Корея Республикасы, Таиланд және Ауғанстанмен қатар ұйымның Азиядағы алтыншы серіктесі атанды.
ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, Швейцарияның Сыртқы істер министрі Иньяцио Кассис бұл шешімді құптап, серіктестікті кеңейту халықаралық диалог пен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Ұйымның Бас хатшысы Феридун Синирлиоғлу Қатардың халықаралық делдалдық және қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу саласындағы тәжірибесіне назар аударды. Оның айтуынша, Қатардың қатысуы қауіпсіздікке қатысты ортақ сын-қатерлерді талқылауды барынша инклюзивті әрі тиімді етуге мүмкіндік береді.
Қатар өкілдері 2026 жылғы 3–4 желтоқсанда Швейцарияның Лугано қаласында өтетін ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысады деп күтіледі.
ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің отырысында сөз сөйлеген Қатардың Аустриядағы елшісі әрі Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі Джассим Якуб әл-Хаммади ұйымға мүше мемлекеттерге сенім білдіргені үшін алғыс айтты.
Ол Қатардың дауларды бейбіт жолмен шешу және делдалдық саласындағы тәжірибесін өңірлік қауіпсіздік пен экономика бағытындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін пайдалануға дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, ынтымақтастық жөніндегі серіктес мәртебесі елдің ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекет ретінде қосылғанын білдірмейді. Дегенмен бұл мәртебе ұйымның диалогы мен бірлескен бастамаларына қатысуға мүмкіндік береді.
Еске сала кетсек, Құрылтайда ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясымен ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланғанын жаздық.