Қатар компаниясы Қашаған газын өңдейтін зауыттың 75 пайыз акциясын сатып алады

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында Қашаған газын өңдейтін зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Енді Қатар компаниясы бұл зауыттың 75 пайыз акциясын сатып алатын болды.

Qazaqgaz
Фото: Qazaqgaz

Доха қаласында QazaqGaz, Power International Holding, KCG, HBP басшылары Қашаған газын өңдеу зауытының құрылысын жеделдету мәселесі талқылады. 

«Аталған компаниялар-мердігерлердің акционерлері жобаны жүзеге асыру статусы, тапсырмалар мен аталған жобаны жеделдету бойынша қабылданып жатқан шешімдер туралы есеп берді. Қазір Power International Holding-тың еншілес кәсіпорны UCC Holding тарапынан газ өңдеу зауытының 75 пайыз бөлігін сатып алу туралы келіссөздер аяқталды. Транзакция шарттарын келісу процесі басталды», - деп хабарлады ұлттық компанияның баспасөз қызметі.

Қатарлық UCC Holding компаниясы Атырау облысындағы газ өңдеу зауыты жобасына операциялық бақылау жүргізуді қолға алды. Енді бұл компания аталған жоба операторы – «GPC Investment» ЖШС-ға күрделі құрылыс бойынша жаңа атқарушы директор тағайындайды.

Сондай-ақ, тараптар бірлескен үш жобаны жүзеге асыруды жеделдету мәселесін қарастырған. Біріншісі – «Қашаған» газын өңдейтін зауыт жобасы. Оның қуаты 2,5 млрд текше метрді құрайды. Екіншісі – «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырының екінші тармағының құрылысы, ал, үшіншісі – «Ақтөбе-Қостанай КС-14» жобасы.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Қашаған газын өңдейтін зауыт 2026 жылы іске қосылатынын жазған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар