11:08, 02 Сәуір 2015 | GMT +5
Қатардағы жауынгер бір отбасын оттан құтқарып қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты Астана қаласындағы 6636 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Нұрлан Момынов өзінің батылдығы арқасында бір отбасын өрттен аман алып қалды, деп хабарлады «Орталық» ӨҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Қанат Дос.

Нақтырақ айтқанда, 22 наурыз күні Нұрлан Момынов өз үйінен шығып келе жатып, №176 саябақ учаскесінде орналасқан үйдің терезесінен жалындаған отты көреді. Жүгіріп жеткенше, айнала қара түтінге оранады. Нұрлан дереу көршісін көмекке шақырып, еш ойланбастан жанып жатқан үйге кіріп, ішінен түтінге булыққан екі айлық бала мен оның анасын, он және он бес жастағы екі қызды сыртқа алып шығады.
Сондай-ақ, бөлмелердің бірінен ессіз жатқан әйел адамды көріп, оны да дер кезінде сыртқа алып шығады. Осылайша, Нұрланның қырағы әрекетінің арқасында үлкен бір жанұя ажал аузынан аман қалды. Батыл әрекеті үшін Нұрлан Момыновты әскери бөлім басшылығы марапаттады. Ал, тілсіз жаудан аман қалған отбасы мен көршілерінің Нұрланға айтар алғысы шексіз.