Қатарға жыл басынан бері 2,6 миллионнан астам турист барған

АСТАНА. KAZINFORM — Қатар биыл қаңтар-қыркүйек айларында 2 миллион 614 мың турист қабылдағанын хабарлады, деп жазады Kazinform Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.

Қатарға жыл басынан бері 2,6 миллионнан астам турист барған
Фото: Pexels

Қатардың Туризм басқармасының мәліметінше, қыркүйекте елге келген туристер саны өткен жылдың осы айымен салыстырғанда 1,1 пайыз өсіп, 273 мыңнан 276 мыңға жеткен.

Жылдың алғашқы тоғыз айында елге келген туристердің басым бөлігі Парсы шығанағы араб мемлекеттері ынтымақтастығы кеңесіне (ПШМЫК) мүше мемлекеттерден келген. Олардың саны 1 миллион 69 мың адам болды.

Азия және Океания елдерінен келген 548 мың саяхатшы екінші орынға жайғасса, Еуропа мемлекеттері 538 мың турист көрсеткішімен үшінші орынға орналасты.

Басқа да араб елдерінен 184 мың, ал Африканың өзге елдерінен 84 мың турист келген.

2025 жылы 5,1 миллион турист қабылдап, рекорд орнатқан Қатар биыл Солтүстік Америка мен Азиядан келетін туристердің сирегенін байқап отыр. Бұған Таяу Шығыстағы шиеленіс пен әуе қатынасындағы қауіпсіздік мәселелері әсер еткен. Сонымен қатар Парсы шығанағындағы көрші елдерден құрлық және қысқа әуе рейстері арқылы келген туристердің көп болуы Қатардағы туризмнің тұрақты дамуына ықпал етті.

Кейінгі кезде инфрақұрылым мен туризмге қомақты инвестиция құйған Қатар өңірдегі жетекші туристік орталықтардың біріне айналуға ұмтылып отыр.

Жыл соңына дейін Катарда бірқатар халықаралық іс-шара өтіп, елге келетін туристер саны арта түспек.

Бұған дейін Астана жылына 6 млн турист қабылдай алатынын жазған едік.