Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қате рәсімделген айыппұлдар жойылады: ІІМ жүргізушілерге үндеу жасады

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ішкі істер министрлігі ақпараттық жүйедегі техникалық ақау салдарынан қате қалыптастырылған нұсқамаларға қатысты жағдайды түсіндірді.

ҚР ІІМ
Фото: ҚР ІІМ баспасөз қызметі

— Құрметті жүргізушілер! Қазір тасжолдардағы жылдамдыққа қатысты айыппұлдар бойынша біраз мәселе туындағанын көріп отырмыз. Сондықтан не болғанын қысқаша түсіндіргіміз келеді. 13-14 тамыз аралығында Бас прокуратураның «ЕРАП» ақпараттық жүйесінде нұсқамаларды автоматты түрде қалыптастыру кезінде техникалық ақау болды. Соның салдарынан орташа жылдамдықты асыру бойынша кейбір бұзушылықтар бір-сәттік жылдамдықты асыру ретінде қате рәсімделген. Қазір әріптестерімізбен бірлесіп, техникалық ақаудың салдарын жою бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жүргізушілерге айтарымыз: ешқайда барудың, полицияға жүгінудің немесе дәлелдеудің қажеті жоқ. Қате қалыптастырылған барлық нұсқама анықталды және олар автоматты түрде жойылады,-делінген хабарламада.

Сонымен қатар онда әңгіменің тек тасжолдарда қате рәсімделген айыппұлдар туралы болып отырғаны айтылған. Ал мұндай айыппұлдарды төлеп қойған жүргізушілерге қаражатты қайтару мәселесі қазір пысықталып жатыр.

 -Жағдай бақылауда, — деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов.

Осыған дейін Астанада мас күйінде көлік жүргізетін жүргізушілерге бақылау күшейгені туралы жаздық.