Қателесіп түскен бомба: Оңтүстік Кореядағы апаттан жараланғандар саны артты

СЕУЛ. KAZINFORM – Оңтүстік Корея әскери-әуе күштерінің екі KF-16 жойғыш ұшағы жаттығу кезінде алаңнан қателесіп, оқу-жаттығу орнына жақын жердегі ауылға 8 бомба тастаған. Жараланғандар саны 15 адамға жетті, деп хабарлады Yonhap.

Қателесіп түскен бомба: Оңтүстік Кореядағы апаттан жараланғандар саны артты
Фото: en.yna.co.kr

Биліктің хабарлауынша, жарылыс Сеулден солтүстікке қарай 40 шақырымдай жердегі Пхочхон ауылында таңғы сағат 10-дар шамасында болған. 15 адам жарақат алған, оның ішінде екі сарбаз бен екі шетелдік азамат бар. Шіркеу мен тағы жеті ғимаратқа зақым келген.

Өрт сөндірушілер беті және иығынан ауыр жарақат алған екі азаматты ауруханаға жеткізді. Құтқарушылар қазір олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ екенін мәлімдеді. Тағы сегіз адам жеңіл жарақатпен ауруханаға жеткізілген.

Билік зардап шеккендер саны артады деп болжап отыр, себебі медициналық көмекке жүгінген адамдар көп. 

Аймақтың 50-ге жуық тұрғыны эвакуацияланды. Әуе күштері «апатты» штаб бастығының орынбасары генерал-лейтенант Пак Ки Ванның басшылығымен тергеп жатқанын айтып, бейбіт тұрғындарға келтірілген шығын үшін кешірім сұрады. 

— Біз бейбіт тұрғындарға зиян келтірілгеніміз үшін өкініш білдіреміз және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейміз. Біз барлық қажетті шараны қолданамыз, келтірілген залалдың орнын толтырамыз, - делінген Әуе күштері мәлімдемесінде.

Айта кетейік, оқу-жаттығуға 160-тан астам әскери техника, соның ішінде К2 танктері, K55A1 гаубицалары, шабуылдағыш тікұшақтар және F-35A ұшақтары қатысқан.

Бұған дейін Оңтүстік Корея Әскери-әуе күштерінің екі KF-16 жойғыш ұшағы жауынгерлік жаттығулар кезінде полигон сыртына қателесіп сегіз бомба тастауы салдарынан 7 адам жарақат алғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар