Қателікпен 15 жыл түрмеде отырған американдыққа 3 млн. доллар беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Нью-Йорк тұрғыны Джаббар Коллинз соттың қате төрелігінен 15 жыл темір тордың ар жағында отырды. 10 маусымда ол Нью-Йорк штатының прокуратурасымен соттан тыс келісім жасады. Соған сәйкес ол енді 3 миллион доллар көлемінде өтемақы алады, деп жазады ИТАР-ТАСС.

Қателікпен 15 жыл түрмеде отырған американдыққа 3 млн. доллар беріледі

Қазір жасы 42-ге келген Коллинз 1994 жылы тонау мақсатымен бруклин раввинін өлтірді деген күдікпен қамауға алынған болатын. Жала жабылған кезде-ақ ол детективтерге бір қате кеткенін: қылмыс жасалғанда ол өз үйінде болғанын мәлімдеді. Алайда сотта жауап берген екі куәгер Коллинздің қылмыс жасалған орыннан кетіп бара жатқанын көргендерін айтты. Нәтижесінде, сот алқасы ер адамды айыпты деп танып, судья оны өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Алайда американдық еңсесін түсірмеді: ол түрмедегі кітапханаға жазылып, онда заңгерлікті оқи бастаған. Коллинз іс материалдарын әкеліп беруді талап етіп, бірнеше аппеляция берді. Ақыр соңында, ол прокуратураның куәгерлерді жалған жауап беруге талап еткенін дәлелдеп шықты. 2010 жылы жаңа фактілерді қарағаннан кейін сот оны ақтап, бостандыққа шығарды.

Содан кейін Коллинз Нью-Йорк штаты мен қаласының билігіне өтемақы төлеуді талап етіп арызданды. Штат билігі онымен бейбіт келісімге келуді жөн көріп, оған 3 миллион доллар төлейтін болды.

«Үш миллион доллар - көп ақша. Бірақ бұл Коллинздың қатаң режимдегі түрмеде өткізген жылдары үшін төленуі керек соманың аз ғана мөлшері. Біз Нью-Йоркке әлдеқайда ірі мөлшердегі өтемақы төлеуге тура келеді деген сенімдеміз», - деп мәлімдеді адвокат Джоэл Рудин.