Қатерлі ісіктің себебін анықтау мүмкін емес – онколог

АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, 2022 жылы әлемде 20 млн адамнан қатерлі ісік анықталған. 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 77%-ға өсіп, 35 млн-ға жетеді деп болжанып отыр. Себебі әлем халқының саны артып, қартайып келеді, ал онкологиялық аурулар бүкіл адамзат үшін созылмалы дертке айналуда. Қазақстан да бұл үдерістен тыс емес.
қатерлі ісік
Фото: Назар Сейдалиннің жеке мұрағатынан

ҚР Президенті іс басқармасына қарасты медициналық орталық ауруханасының бас онкологі Назар Сейдалиннің айтуынша, адамзат әлі күнге дейін обырдың нақты қандай себептен пайда болатынын біле алмай отыр, тек әсер етуші факторлар белгілі.

– Қатерлі ісіктің пайда болуына әсер ететін факторларды екіге бөлуге болады. Біріншісі, басқарылмайтын факторлар: генетика, экология. Бұл факторларды біз өзгерте алмаймыз. Екіншісі, басқарылатын факторлар: өмір салтымен байланысты әдеттер. Ең басты қауіпті әдеттер: темекі шегу, алкоголь тұтыну, семіздік, физикалық белсенділіктің төмендігі. Адамның психологиялық жағдайы да үлкен рөл атқарады. Өйткені психологиялық тұрақсыздық, стресс, мазасыздық сияқты факторлар адамның өмір салтына тікелей әсер етеді, – деді дәрігер.

Онкологиялық аурулардың нақты себебі толық зерттелмегенімен, негізгі механизм белгілі: ағзадағы жасушалар мутацияға ұшырап, бақылаусыз көбейе бастайды. Иммундық жүйе үнемі бақылап, қатерлі жасушаларды жоюға тырысады. Алайда адамның өмір салты дұрыс болмаса, иммунитет әлсірейді және қатерлі ісік жасушалары көбейе береді.

Бұған дейін Қазақстанда қатерлі ісіктің не себепті көбейіп жатқаны туралы талдау жазған едік.

Соңғы жаңалықтар