Қатерлі ісік ауруларының ең жоғары көрсеткіші Шығыс Қазақстан облысында тіркелген

  АСТАНА. 6 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің «Нұр Отан» ХДП фракциясы  жанындағы Әлеуметтік кеңесінің жаңа шақырылымдағы тұңғыш отырысы болып өтті.
None
None

Онда «Қазақстан Республикасында онкологиялық көмекті дамыту туралы» салалық бағдарламаның жобасы талқыланды.

Естеріңізге сала кетейік, Елбасы Н. Назарбаев ағымдағы жылғы халыққа жолдауында Үкіметке онкологиялық көмекті дамыту жөніндегі салалық бағдарламаны екі ай ішінде әзірлеуді тапсырған болатын. Бұдан бөлек, Президент Ұлттық медициналық холдинг базасында Астанада онкологиялық орталық құру мәселесін тапсырған еді. Осыған орай, денсаулық сақтау министрлігі 2012-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы онкологиялық көмекті дамытудың салалық бағдарлама жобасын әзірледі.

«Бүгінгі күні диспансерлік есепте қатерлі ісіктің белгілері бар 144 мыңнан астам науқас тіркеуде тұр. Оның ішінде онкологиялық аурулардың ең жоғары көрсеткіші Шығыс Қазақстан облысында тіркелген. Бұл өңірде 100 мың адамға шаққандағы науқастар 271 адамды құрайды. Ал Солтүстік Қазақстан облысында 269,6,  Қарағанды облысында  258,8 және Алматы облысында - 250,4 адамды құрап отыр. Қатерлі ісіктің белгілері бойынша ерте кезеңде анықталу деңгейі 49,5 пайызды құрайды. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, Францияда бұл 68 пайыз, Израильде - 63, Оңтүстік Кореяда - 60 пайызды құрап отыр», - деді жиынды ашып, сөз сөйлеген «Нұр Отан» ХДП фракциясы  жанындағы Әлеуметтік кеңестің төрайымы Айткүл Самақова.

Оның айтуынша, қатерлі ісік белгілерінен болатын өлім-жітімде бірінші орында өкпе рагы тұр. Бұл жалпы қатерлі ісіктен болатын өлім-жітімнің 16 пайызын құрайды. Одан кейінгі орында асқазан рагы - 13, үшінші орында сүт безі рагы - 8 пайыздан астам. «Онкологиялық аурулардан болатын өлім деңгейі жүрек-қан айналымынан кейінгі екінші орында тұр», - дейді А. Самақова.

Жалпы алғанда аталған бағдарламаның мақсаты аурудың осы түрінен болатын өлім-жітімді азайту арқылы қазақстандықтардың өмір сапасы мен өмір сүру ұзақтығын арттыру болып табылады. Бұл ретте 2012-2016 жылдарға арналған кешенді іс шаралар көзделеді. Атап айтқанда, аурудың алдын алуға бағытталған шаралар, оның ішінде скринингтік бағдарламаларды кеңейте түсуге маңыз беріледі. Кадр әлеуетін дамытып, онкологиялық науқастарға заманауи технологиялар арқылы жәрдемді дамыту шаралары да қарастырылған.  

Соңғы жаңалықтар