Қатерлі ісікті эндоскопиялық тәсілмен емдеудің ерекшелігі неде

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгінде қатерлі және қатерлі емес ісіктер адамзат үшін жаһандық проблемалардың бірі. Мамандардың айтуынша, қатерлі ісік ауруының алдын алу мүмкін емес. Бірақ оның пайда болуы мен дамуына жол бермеуге болады. Осы орайда онкологиялық дерттерді заманауи емдеу тәсілдері мен технология туралы ҚазАқпарат тілшісі астаналық онколог Насрулла Шаназаровпен тілдескен еді.

Қатерлі ісікті эндоскопиялық тәсілмен емдеудің ерекшелігі неде

Алдымен онколог маман қазақстандықтарға медициналық көмекке уақытында жүгінуге кеңес береді. Дертті уақыт созбай анықтау емдеуде оң нәтижеге кепіл. Қатерлі ісіктің күшейе түсуі дәрігерлер мен мамандар үшін емдеудің жаңа, тиімді және заманауи тәсілін ойлап табуға ықпал етуде.

ҚР Президенті Іс Басқармасына қарасты медициналық орталығының ауруханасында заманауи, қауіпсіз технологияларды пайдалана отырып, қатерлі ісікті ерте сатыда анықтау және емдеу тәжірибесі бар.

«Әлемде жыл сайын 8 миллионға жуық адам қатерлі ісіктен қайтыс болады. Өткен жылы қатерлі немесе қатерлі емес ісікке шалдыққан 20 миллионға жуық жағдай анықталды. Биыл бұл көрсеткіш 20 миллионнан асады деп күтілуде. Шынында да, адамдар ауру асқынғаннан кейін келіп ем іздеп жатады. Қатерлі ісікті ерте диагностикалау емнің нәтижелі болуының кепілі. Денсаулыққа аса мән беру керек, адамдардың дені дәрігерге кеш, ауруды асқындырып барып жүгініп жатады. Бұл жауапсыздық», - деді онколог Насрулла Шаназаров.

Сондықтан дәрігер әйелдерге міндетті түрде маммография, сүт безінің ультрадыбыстық зерттеуі, жамбас, іш, қалқанша безі, скринингтен өтуді ұсынады. Ер адамдар өкпенің рентгенографиясын, теріні тексертуі керек.

«Бұл процесс қатерлі ісік ауруын ерте анықтау үшін қажет. Қатерлі ісік кенеттен пайда болмайды. Ол ағзадағы өзгерістер мен созылмалы аурулардың салдарынан пайда болады. Таза, сау асқазанда қатерлі ісік пайда болмайды. Егер адам темекі шекпесе, зиянды өндірісте жұмыс істемесе, таза ауамен тыныс алса, өкпенің қатерлі ісігіне шалдығу қаупі төмен», - деп түсіндірді Насрулла Шаназаров.

Онкологиялық аурулармен күресте эндоскопия және фотодинамикалық терапия ең тиімді әрі сенімді әдіс екенін дәлелдеп отыр.

ҚР Президенті Іс Басқармасы медициналық орталығы ауруханасының эндоскопия бөлімшесінде көптеген процедура бар. Осы орайда бөлімше меңгерушісі Әрсен Түсіпбаев заманауи оптикалық аспаптардың мүмкіндіктері және пациенттің жазылуына әсері туралы айтып берді.

«Біз жарықішілік диагностикалық және операциялық қызметтердің барлық спектрін орындаймыз. Эндоскоптың көмегімен дертті зеттеу мен одан емдеуді қатар жүргізе аламыз. Мамандар өңеш, асқазан және он екі елі ішек, тоқ ішек, жоғарғы тыныс жолдары мен трахеяны тексереді. Эндоскопиялық процедураны қолдану онкологиялық дертті ерте анықтап, шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде онкологиялық аурулардың жиілігі мен өлімі төмендейді», - деді эндоскопия бөлімінің меңгерушісі.

Оның айтуынша, аталған құрылғының көмегімен адамның іш құрылыстарын анық көріп тексеруге болады. Сондай-ақ, үлкейткіш оптика шырышты қабықтың аумағы, өлшемі мен өзгеруін нақты көрсетеді.

«Асқазан-ішек жолдарының жоғарғы бөлігінен басқа, тоқ ішекті тексеруге болады. Тоқ ішек онкологиясының бастапқы кезеңі асимптоматикалық сипатта, яғни адам ешқандай өзгерісті байқамайды. Асқынған жағдайда клиникалық көріністер пайда болады, ондай кезде радикалды емдеу тиімді емес. Сондықтан бізде тоқ ішекті тексеруге арналған арнайы эндоскоп құрылғысы бар. Жіңішке ішекті энтероскоптың көмегімен тексереді. Оның көмегімен аш ішек ауруларын анықтауға, биопсия жасауға, емдеу процедураларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді дәрігер.

Сондай - ақ, аш ішекті тексерудің капсула эндоскопиясы атты балама тәсілі бар. Бұл әдіс пациентке ыңғайлы, өйткені тек капсуланы жұту керек. Капсула аш ішектің шырышты қабығын суретке түсіреді, содан кейін дәрігер ол суретті сенсордан компьютерге жүктеп алып қарайды. Патология анықталған жағдайда, нақтылау үшін эндоскоптың көмегімен биопсия жасауға болады.

Дәрігердің айтуынша, ұйқы безінің қатерлі ісігін диагностикалау өте маңызды. Президенттік клиниканың мамандары эндоскопиялық ультрадыбыстық диагностика (ЭндоУЗИ) сияқты бірегей зерттеу жүргізеді. Ультрадыбыстық бақылаумен онкология қаупін анықтау үшін ұйқы безінің биопсиялық материалы алынады. Сол секілді дәрігерлер өкпе мен лимфа түйіндерінде тіндердің биопсиясын жасайды.

«Бізде бронхтардың эндоскопиялық ультрадыбыстық диагностикасын жасау мүмкіндігі бар. Ел бойынша жалғыз аппарат бізде ғана. Ультрадыбыстық датчиктері бар эндоскопиялық жабдықпен биопсия жасай аламыз. Жалпы халық эндоскопиялық процедуралармен таныс. Гастроскопия жасамаған науқастарды табу қиын. Біз пациенттерге эндоскопия ешқандай кесусіз, сәулелендірусіз процедура екенін үнемі айтамыз. Тек аталған процедура ұзақ уақыт алады. Яғни, асқыну немесе қан кету ықтималдығы нөлге тең. Біз онкологиялық ауруларды ерте сатыда анықтау саясатын ұстанамыз. Сондықтан да біздің контингентте ауруды асқынған деңгейде анықтау жоқтың қасы. Бұл диагностикалық қызметтің жақсы жұмыс істейтінін көрсетеді», - деді эндоскопия бөлімінің меңгерушісі Әрсен Түсіпбаев.

Эндоскопиялық қызметтің артықшылығы, дертті уақытылы анықтау арқылы пациентті ауруханаға жатқызудың қажеті жоқ. Яғни аз инвазивті, хирургиясыз, науқастың өзіне ыңғайлы болу үшін жеңіл анестезиямен орындалады, нәтижесінде пациенттің оңалуы ұзаққа созылмайды.

«Бізге ішек өтімсіздігі диагнозы қойылған науқас келді. Оған асқазанға түтік қою ұсынылды (гастростома), яғни тамақты шприцпен қабылдайды. Пациент гастростоманың орнына стент қоюға болатынын естіген. Науқастың қызы маған қоңырау шалды, сосын клиникаға шақырдым. Осылайша госпитализациясыз стенттеу туралы шешім қабылдадық. Стентті орнатқаннан кейін сынақ жүргіздік. Пациент бір стақан суды тез ішіп жіберуі керек. Суды ішкеннен кейін пациент «Бір стакан су ішуді армандадым» дейді. Анықталғандай, оның жағдайы онкологиялық аурудан емес, аш болғандықтан нашарлай түскен», - деп бөлісті дәрігер.

«Біз анықталған дертті дереу ерте сатыда жоямыз, ал шетелде керісінше бақылау мақсатында қалдырып жатады. Ал бізде басқа тактика. Ісікті немесе ауруды ерте сатыда жойғанда пациентті дертке қатысты жаман ойлар мазаламайды»,- деп толықтырды Әрсен Түсіпбаев.

ҚР Президенті Іс Басқармасы медициналық орталығында ем алуға еліміздің түкпір-түкпірінен келеді. Солардың бірі Райхан Ақболатова клиникадан көтеріңкі көңіл-күймен кетіп барады. 8 айдың ішінде ісіктің дамуы байқалмаған. Бұл фотодинамикалық терапияның арқасында мүмкін болып отыр.

«Дәрігерлер өңеш қатерлі ісігін ерте кезеңде анықтады. Диагноздан қорыққан жоқпын 75 жыл өмір сүріп келем. Орал қаласынан келдім. Оралда ота жасайтындарын айтты, бірақ мен хирургиялық араласудан бас тарттым», - дейді оралдық пациент Райхан Ақболатова.

Науқаста басқа да аурулар қатар жүрген. Райхан апа теледидардан қатерлі ісікті эндоскоппен емдеуге болатынын естіп, ойланбастан президенттік клиникаға жүгінген.

«Дәрігерлер фотодинамикалық терапиямен емдеуге болатынын айтты. Наурызда алғашқы ем, бір айдан кейін екінші емді қабылдадым. Екінші емнен кейін дәрігерлер қуанышты жаңалықты хабарлады, жағдай айтарлықтай жақсарды. Дәрігерлер үш айдан кейін тексеруден өтуім керектігін айтты алайда пандемия басталып, енді ғана келуге мүмкіндігі туды», - дейді науқас.

Фотодинамикалық терапия - қатерлі ісікті хирургиясыз емдеу әдістерінің бірі. Аталған әдіс фотосенсибилизаторға негізделген.

Фотодинамикалық терапия қатерлі және қатерсіз ісікке дейінгі аурулары бар науқастарға тағайындалады. Президенттік клиника қазірдің өзінде сүт безі, өңеш, тері қатерлі ісігі, крауроз, лейкоплакия, пигментті невуспен ауыратын науқастарға көмектесті. Емдеуді ҚР Президенті Іс Басқармасы медициналық орталығы ауруханасының бас онкологы Насрулла Шаназаров жүргізеді.

«Ішкі ағзаларды емдеу үшін эндоскопты қолданамыз. Фотодинамикалық терапияның бірегейлігі қарапайым әрі салыстырмалы түрде арзан. Аталған әдісті қатерлі ісікті емдеудің классикалық хирургия, химиотерапия, сәулелік терапия тәсілдерімен бірге қолдануға болады. Ауру асқынып қолданыстағы тәсілдер жарамаған сәтте көмекке фотодинамикалық терапия келеді», - деп түсіндірді Насрулла Шаназаров.

Айта кетейік, ҚР Президенті Іс Басқармасының медициналық орталығы ауруханасының фотодинамикалық терапия орталығы жұмысының нәтижесі отандық және шетелдік медициналық басылымдарда жарияланды. Жүргізілген зерттеулердің нәтижелері республикалық және халықаралық конференцияларда да айтылды.

Сондай-ақ, клиника қызметін медициналық көмекке мұқтаж кез келген адам ала алады. Сондықтан, көрсетілетін қызметтердің барлық спектрін және пайдаланылатын заманауи қауіпсіз технологияларды ескере отырып, клиникаға диагностика мен емдеу үшін елдің әр түкпірінен азаматтар жүгініп жатады.

ЭндоУЗИ, энтероскопия сияқты диагностикалық қызметтер медициналық орталығы ауруханасының прейскуранты бойынша ақылы негізде көрсетіледі. Ал емдеу процедураларын (полипэктомия, резекция, шырышты диссекция) квота бойынша немесе мамандандырылған медициналық көмек бағдарламасы бойынша тегін алу мүмкіндігі бар. Осылайша, жоғары технологиялық зерттеулер еліміздің әр азаматы үшін қолжетімді.

Фото:udp-rk.kz