Әлемге таныла бастаған Катонқарағайдың өзекті мәселелері қандай

АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстанның табиғаты шетелдік туристерді де қызықтырып отыр. Алайда саяхатшылар саны артқан сайын өңірдегі жол, ауыз су, қоқыс және орналастыру орындары мәселесі де анық байқала бастаған. Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» бағдарламасының кезекті шығарылымында Катонқарағайдың туристік әлеуеті мен елді мекендегі өзекті мәселелер қатар көрсетілді.

Қатонқарағай: әлемге таныла бастаған өңірдің өзекті мәселелері
Видеодан алынған кадр

Алтайдың асқар таулары, мөлдір көлдері мен табиғи ландшафты Катонқарағайды туристер үшін тартымды мекенге айналдырып келеді. Мұнда ұлттық мәдениетпен танысуға, табиғат аясында демалуға, бүркітшілік өнерін көруге, марал шаруашылығының тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік бар.

бүркіт
Видеодан алынған кадр

Бірақ табиғаттың өзі туристі ұстап тұруға жеткіліксіз. Саяхатшыға жол, су, таза орта, қонақүй, сапалы қызмет және бағыт-бағдар қажет.

Катонқарағайдың туристік әлеуеті

Катонқарағайға қызығушылық жыл сайын артып келеді. Биылдың алғашқы тоқсанында өңірге 83 мыңнан астам турист келген.

Турист көбейгенімен, оларды қабылдайтын инфрақұрылымның сол қарқынға ілесе алмай отырған тұстары бар. Катонқарағайдың өзінде орналастыру орындарын көбейту қажеттігі сезіледі.

Шығыс Қазақстан облысы туристік ақпараттық орталығы басшысының орынбасары Талғат Дәулетов өңірдің шетелдік туристерді қабылдауға дайындығын шамамен 70 пайыз деп бағалайды.

Талғат Дәулетов
Видеодан алынған кадр

— Ең бірінші, орналастыру орындарын көбейту керек. Сонымен қатар туристерге көрсетілетін қызметтің деңгейін көтеру қажет. Сондай-ақ жол мәселесі де бар, — деді ол.

Маманның айтуынша, биыл Катонқарағай ауданында және Зайсан ауданында екі әуежай іске қосылады. Катонқарағайдың өзінде визит-орталық салу да жоспарланған. Нысанның ашылуы келесі жылға жоспарланған.

Катонқарағайға арнайы жоспарлап келмеген шетелдік туристер де бар. Мароккодан келген Сара Амири Қазақстанды Азия бойынша құрлықпен саяхаттап жүріп аралаған.

Сара Амири
Видеодан алынған кадр

— Қазақстанға келу жоспарымда болмаған. Қазір Азия елдерін құрлық арқылы аралап жүрмін. Оған дейін Қытайда болдым, ал Қазақстаннан кейін Кавказға бармақпын. Сондықтан Қазақстан жолымның дәл ортасында орналасқан, сол себепті осында келуге мүмкіндік туды, — деді саяхатшы.

Сара Қазақстанға арнайы жоспармен келмесе де, Шығыс өңіріне риза болған.

— Мұндағы табиғат шынымен таңғажайып. Таулары өте әдемі, көлдері мен өзендері керемет. Маған ұнайтыны — бұл өңір саяхатшылардың әсерінен әлі де көп өзгеріске ұшырамаған, табиғи қалпын жақсы сақтап қалған, — деді ол.

Шетелдік туристің назарын аударған негізгі дүние де осы. Катонқарағайдың табиғи қаз қалпы сақталған. Алайда туристер саны көбейген сайын сол табиғатты қорғау мәселесі де өзекті болып барады.

Этноауыл

Шығыс Қазақстанда табиғатпен қатар ұлттық мәдениетті танытатын бағыттар да бар.

Өскемендегі этнографиялық музей-қорықта бірнеше этностың ұлттық үйлері қайта жаңғыртылған. Мұнда грузин қонысы, шешен мұнарасы, поляк этносының үйі және корей халқының дәстүрлі баспанасы секілді нысандар орналасқан.

Экскурсия жетекшісі Гүлбақыт Қабылашқызының айтуынша, мұнда балаларға да, шетелдік қонақтарға да экскурсия өткізіледі.

Гүлбақыт Қабылашқызы
Видеодан алынған кадр

— Көп қонақтар келеді. Өскемендегі ең танымал, ең әдемі, ең қызық жер осы ауыл деп ойлаймын, — деді ол.

Әр ұлттық үй арқылы сол халықтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрі көрсетіледі. Мәселен, корей халқының үйі арқылы олардың Қазақстанға қоныс аудару тарихы, баспанасының жабдықталуы және дәстүрі таныстырылады.

Бұл жерге Корея елшісі де келген.

— Қазақстанда олардың мәдениетін көрсететін бір бұрыш бар. Үй бар. Олардың салт-дәстүрін көрсетеміз, үй-жайлары қалай жабдықталғанын, корей халқының Қазақстан жеріне қалай келгенін айтамыз, — деді экскурсия жетекшісі.

Бүркітшілер ауылы

Шығыс Қазақстанда ұлттық дәстүрді туризммен ұштастырған тағы бір бағыт бар.

Бозанбай ауылында бүркітшілік өнері әлі күнге дейін жалғасып келеді. Құсбегілер қыран құсты бала кезінен баптап, бұл өнерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыр.

Қатонқарағай: әлемге таныла бастаған өңірдің өзекті мәселелері
Видеодан алынған кадр

Бүркітші Нәжитпан Горькийдің айтуынша, өңірде құсбегілікке қолдау бар. Ал шетелдік туристер үшін мұндай дәстүр ерекше қызығушылық тудырады.

Нәжитпан Горький
Видеодан алынған кадр

— Көбінесе Америкадан келеді. Оларға тазымыз, бүркітіміз, ұлттық киіміміз қызық, — деді ол.

Сібе көлдерінің сұранысы

Шығыс Қазақстанның көрікті жерлерінің бірі — Сібе көлдері. Қалба тауларының қойнауындағы бес көлдің табиғаты демалушыларды жыл сайын тартып отыр. Сібе көлдерінің бірі Қоржын жағалауында туристер үшін қажетті жағдайлар жасалған.

Мұнда шомылатын арнайы орын, қоғамдық әжетхана, киім ауыстыратын орын, орындықтар мен демалыс алаңдары бар. Судың үстіне беседкалар қойылып, тауға шығатын баспалдақ пен фотозоналар жасалған.

Демалыс орнының әкімшісі Дина Әбдірахманованың айтуынша, қызмет бағасы жергілікті тұрғындар үшін де қолжетімді.

Дина Әбдірахманова
Видеодан алынған кадр

— Басқа көлдермен салыстырғанда, бізде арнайы тауға шығатын баспалдақ жасалған, фотозоналар бар. Судың үстінде самалжай да орналасқан. Ол жерде судың тереңдігі үлкен, сондықтан мұндай нысандарды салу оңай болған жоқ, — деді ол.

Яғни туристік инфрақұрылымды табиғи ерекшелікке бейімдеп жасауға болатындығы көрінеді. Бірақ мұндай жағдай барлық туристік нысанда бірдей емес.

Жол мәселесі

Катонқарағай тұрғындары үшін де, туристер үшін де ең өзекті мәселелердің бірі — жол.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, кей көшелердегі жолдардың жағдайы көңіл көншітпейді. Ойдым-ойдым жолмен жүру жергілікті халыққа да қиындық туғызады.

Туристер баратын кей нысандардың жолы да жөндеуді қажет етеді. Мәселен Мұзтауға апаратын жолды жақсарту қажеттігі айтылды.

Ақпараттық навигацияның да кемшілігі бар. Тұрғындардың айтуынша, Оралхан Бөкейдің мұражайына адамдар тоқтағанымен, нысанға апаратын бағытты көрсететін белгі жетіспейді.

Шығыс Қазақстан облысы туристік ақпараттық орталығының мәліметінше, биыл өңірде 630 шақырым жол жөнделеді. Оның 330 шақырымы республикалық, 300 шақырымы облыстық маңызы бар жолдар.

Жол мәселесі шешілген сайын шалғай туристік нысандарға жету де жеңілдей түспек.

Қоқыс қайда кетеді?

Туристер көп келетін өңір үшін тазалықтың маңызы бөлек. Ал Катонқарағайда бұл мәселе әлі де өзекті.

Ауылға кіреберісте орналасқан қоқыс полигонының айналасы толық қоршалмаған. Жел соққанда тұрмыстық қалдықтар жан-жаққа шашылады.

қоқыс
Видеодан алынған кадр

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауылда қоқысты көшеден тұрақты жинап әкететін жүйе жоқ. Контейнерлер де жеткіліксіз.

— Бізде көшеден жинап алатын контейнер жоқ. Әркім қоқысын өз көлігімен әкеліп тастап жүр, — деді тұрғындардың бірі.

Қоқысты жинау да тұрақты емес. Тұрғындардың айтуынша, полигон жылына бір-екі рет тазаланады. Егер уақытында тазартылмаса, қоқыс көбейіп кетеді.

қоқыс
Видеодан алынған кадр

Туристік ақпараттық орталық өкілі бұл мәселенің облыс басшылығының назарында екенін айтты.

— Полигондарды қалыпқа келтіріп, қоршап, тазалық жұмыстарын жүргізіп, қаражат бөліп, барлығын жасап жатырмыз. Жұмыс жүріп жатыр, — деді Талғат Дәулетов.

Оның айтуынша, мұндай мәселені бір күнде шешу мүмкін емес. Қазір полигондарды қоршау, қоқыстың шашылуына жол бермеу және тазалық жұмыстарын жүргізу бағытында жұмыстар атқарылып жатыр.

Су мәселесі

Тазалықтан бөлек, Катонқарағай тұрғындарын алаңдататын тағы бір мәселе — ауыз су.

Тұрғындардың айтуынша, жаз мезгілінде су кейде бірнеше сағатқа тоқтап қалады. Өткен жылы су құбыры тартылғанымен, халық оның игілігін толық сезіне алмай отырғанын жеткізді.

Қатонқарағай: әлемге таныла бастаған өңірдің өзекті мәселелері
Видеодан алынған кадр

Туристік өңір үшін бұл мәселенің салмағы ауыр. Себебі туристің қарапайым қажеттіліктерінің бірі — тұрақты ауыз су.

Тұрғындар бұл қиындықтың туристер көп жиналатын шаралар кезінде де сезілетінін айтты.

Алайда туристік ақпараттық орталық өкілі бұл пікірмен келіспейді.

— Қазіргі таңда бүкіл ауылдарға су тартылған, әрбір үйге су кіргізілген. Мен өзім осы фестиваль кезінде болдым. Су бойынша қиындық болған жоқ, — деді Талғат Дәулетов.

Маралдың қасиеті

Катонқарағайда табиғи ресурстарды туристік өнімге айналдырып отырған кәсіпкерлер де бар. Олардың бірі — 30 жылға жуық тарихы бар марал шаруашылығының сауықтыру кешені.

Кәсіпкер Жанат Рамазанованың айтуынша, мұнда марал мүйізіне байланысты сауықтыру бағдарламалары ұсынылады.

Жанат Рамазанова
Видеодан алынған кадр

— Емдеу түрлерінің бірі — марал мүйізінің сорпасын пайдалану. Сонымен қатар маралдың мүйізін жоғары температурада кептіріп, сол бөлмеге кіріп, ингаляция алады, — деді ол.

Кешенде массаж, орау, түрлі шөппен емдеу және косметологиялық процедуралар да бар.

Кәсіптің тарихы шағын отбасылық шаруашылықтан басталған. Сұраныс артқан сайын кешен де кеңейген. Қазір мұнда жүздеген турист демалады.

Сарапшылар не дейді?

Ұлттық энергия үнемдеу орталығының басшысы Елдос Абақанов өңірде оң өзгерістер барын атап өтті. Соңғы жылдары туристік инфрақұрылымның дамып келе жатқанын, жолдардың біртіндеп салынып жатқанын айтты.

Елдос Абақанов
Видеодан алынған кадр

Сонымен қатар қоқыс, жол, қонақжайлық және туристерді орналастыру мәселелері әлі де бар екенін жеткізді.

Қала құрылысын жоспарлау бөлімінің бас маманы Гүлдана Әбіш Катонқарағайдың инфрақұрылымын табиғатпен үйлестіре отырып дамыту қажет деп санайды. Ол жолдарды жақсарту мен абаттандыруға басымдық беру керегін айтады.

Гүлдана Әбіш
Видеодан алынған кадр

Ал Туризм индустриясы комитетінің ресми өкілі Жайнагүл Қаппасова Катонқарағайдың экотуризм үшін тартымды бағыт екенін атап өтті. Оның пікірінше, негізгі мәселелердің бірі — жол сапасы.

Жайнагүл Қаппасова
Видеодан алынған кадр

Әдемі табиғат жеткілікті ме?

Катонқарағайдың туристік әлеуетіне күмән жоқ. Шетелдік саяхатшылардың қызығушылығы бар. Турист саны артып келеді. Ұлттық мәдениетті көрсететін орындар, бүркітшілік дәстүрі, марал шаруашылығы, Сібе көлдері секілді бағыттар қалыптасқан. Бірақ туристік өңірдің болашағын тек табиғатпен өлшеу қиын.

Турист Катонқарағайға келгенде тауды көреді, көлге барады, табиғатты тамашалайды. Бірақ сол жерге қалай жетеді, қайда тоқтайды, қоқысын қайда тастайды, су мәселесі туындаса не істейді деген сұрақтардың жауабы да дайын болуы керек.

Блогер Иван Червинский Қазақстанның туризм саласындағы мүмкіндігі орасан зор екенін айтты.

Иван Червинский
Видеодан алынған кадр

— Қазақстанның туризм саласында мүмкіндігі орасан зор. Қазірдің өзінде оның нәтижесін көріп отырмыз. Елімізге келетін туристердің саны жыл сайын артып келеді. Сондықтан бұл әлі бастамасы ғана деп ойлаймын. Ал алдағы уақытта туризм бойынша әлемдегі нөмірі бірінші елдердің бірі Қазақстан болады деп сенемін, — деді ол.

Катонқарағайдың табиғаты бұл үмітке негіз бола алады. Ендігі мәселе — сол табиғи артықшылыққа сай инфрақұрылым қалыптастыру.

Жол жөнделіп, су тұрақты беріліп, қоқыс жүйелі шығарылып, туристерге арналған орындар көбейсе, өңірдің мүмкіндігі де еселене түспек.

Айта кетейік, бұған дейін, Катонқарағайдың ең көрікті орындары мен жол шығынын жазған едік.