Катонқарағайдағы мал ұрлығы қалайша Мәжіліс мінберіне дейін жетті

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданындағы Шыңғыстай ауылының шырқы кетіп тұр. Мал ұрыларының маза бермей, төскейдегі төрт түлікке қырғидай тиюі халықты әбден қинап, бір тарының қауызына сыйғызған.

ауыл
Фото Шыңғыстай ауылы тұрғындарынан

«Баукеспелерге тоқтау болмай тұр»

Табиғаттың бар тамашасын бойына сіңірген Катонқарағай ауданының бұл ауылы да туристер көптеп келетін жер.

Себебі Шыңғыстай — қаламның құдіретін, сөздің қасиетін паш еткен қазақтың классик жазушысы Оралхан Бөкейдің кіндік қаны тамған мекен.

Алайда бүгінде ауыл іші толқып, халық ашуға булығып тұр. Оған себеп — мал ұрлығының тыйылмауы.

— Ауылда 2013 жылдан бері мал ұрлығы белең алып кетті. Бұрын мал иесі мен ұры бір-бірімен татуласып, істі полицияға жеткізбейтін. Осылай ұры-қарылар көбейіп, құныға берді. Сондықтан дәл биыл ғана ұрлық өршіп кетті деуге келмес. Одан кейін халық арасында полицияның істі тіркемейтінін айтып жатқандар бар. Сөйтіп, әбден ашынған халық жанайқайын Президентке үндеу ретінде жеткізуге мәжбүр болды, — дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәнібек Қызыр.

Шыңғыстайлық Қожақан Нұрсапаровтың айтуынша, өткен жылдың тамыз айында бір сиыры мен бір бұзауы жоғалған. Ал оның алдыңғы жылы 12 жылқысы ізім-ғайым жоғалып, сол күйі табылмады.

— Тәртіп сақшыларына талай бардық. Алайда еш нәтиже жоқ. Оларға деген үміт үзілді. «Жау алыстан шаппайды» демекші, ұрылар осы аудан ішінде деп ойлаймыз. Ел арасында ұрланған малдың еті осындағы дәмханаларға сатылған деген де сыбыс бар, — дейді ауыл халқы.

Жәнібек Қызырдың айтуынша, бірлі-екілі ұрланған малдың есебі жоқ. Яғни, төрт-түліктің сүмесін қорек етіп отырған жұрт арасында ұрымтал сәтті аңдыған ұрылардың кесірі тиіп, кесапатын сезбегендер некен-саяқ.

— Әбден басынған ұрылар жылқыларды үйір-үйірімен әкетіп жатыр. Осыған тоқтау салу керек қой! Тек Шыңғыстай емес, Өрнек, Жаңа Үлгі, Аққайнар, Жамбыл, Еңбек ауылдарының тұрғындары да баукеспелерден зардап шегіп отыр, — дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

ауыл
Фото Шыңғыстай ауылы тұрғындарынан

Арнайы рейд жүргізілуі тиіс

Бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін қоймаған шыңғыстайлық ұрылар жайлы мәселені таяуда мінберден Парламент Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбаев та көтерді.

— Ауылдағы жұрт азын-аулақ малының арқасында күн көріп, жан бағып жүр. Бірақ елдегі бұқара баукеспе ұрылардан әбден зәре-зәп болып, Президенттен көмек сұрауға мәжбүр. Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданы тұрғындарының әлеуметтік желіге шыққан видеоүндеулерін көрген шығарсыздар? Шыңғыстайдың шырқын осы ұрылар бұзып бітірді. Алақандай ауыл халқына ұры-қарының қорлығы әбден өткен. Әуре сарсаңға түскен халық аудандық, облыстық ішкі істер органдарының табалдырығын тоздырып, бастарын тауға да, тасқа да соғып әбден қажыған, — деді депутат.

Мақсат Толықбай
Фото: parlam.kz

Өз сөзінде ол Ішкі істер министрі Ержан Саденовке бұл мәселені жіті қадағалап, Қатонқарағай ауданында арнайы рейд жүргізіп, мал ұрлығының алдын алу мен ұрыларды ұстау бойынша кешенді шараларды қолға алуды сұрады.

Қылмыстық іс қозғалды

Kazinform редакциясының ресми сауалына жауап берген ШҚО полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков Катонқарағай ауданының полиция бөлімінде 2024 жылы мал ұрлығы бойынша 4, ал осы жылдың басынан бері 3 құқық бұзушылық тіркелгенін мәлім етті.

— Шыңғыстай ауылы тұрғындары биылғы қаңтар айында 2003-2024 жылдар аралығында 13 бас жылқы және 7 бас ірі қара малының ұрланғаны жөнінде 12 арыз жазып, сол бойынша 1 қылмыстық іс тіркелген. Қазіргі уақытта істің мән-жайы жан-жақты және толық жүргізілуін қамтамасыз етуге, қылмысты ашуға бағытталған қажетті тергеу амалдары қолға алынған, — деді ол.

а
Фото: ШҚО ПД

Тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында. Ауданда жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.

— Тұрғындардың барлық өтініші мұқият тексеріледі. Жалпы облыс бойынша жыл сайын мүлікті қорғау жөніндегі ведомстволық бағдарлама шеңберінде мал ұрлығына қарсы іс-қимыл мақсатында профилактикалық және жедел-іздестіру шаралары жүргізіледі. Сондай-ақ мал ұрлығының алдын алу мақсатында мал жаю және ет өнімдерін сату ережелерінің сақталуын бақылау бойынша тұрақты түрлі тиісті шаралар өткізілуде, — деді Ерлан Омарбеков.

Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында ер адам өзі жұмыс істеген қожалықтың 20-ға жуық жылқысын ұрлағанын жазғанбыз. 

мал ұрлау
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар