«Катрен» ААҚ «Эмити Интернешнл» ЖШС акционерлерінің құрамына енді
АЛМАТЫ. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Эмити Интернешнл» ЖШС-нің бақылау үлесінің 51 пайызын «Катрен» ААҚ сатып алды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Келісімшарттар бойынша «Эмити Интернешнл» ЖШС-нің контрагенттермен қарым-қатынасы өзгеріссіз қалады. Сондай-ақ қызметкерлер штатын да толық сақтап қалады. «Катрен» ААҚ бұл мәмілені шетелдердің фармацевтикалық нарығын игеру туралы стратегиясының аясында жүзеге асырып отыр. Холдингтік компания бақылау үлесінің 51 пайызын сатып алу арқылы «Эмити Интернешнл» акционерлері құрамына еніп отыр.
«Эмити Интернешнл» ЖШС 1994 жылы Алматыда құрылған болатын. Рейтингтік агенттіктердің деректері бойынша өткен жылы ол дистрибьютерлердің үздік үштігінде екінші орын алды. Адамдардың өз денсаулығына ықыласпен және жауапкершілікпен қарау мүмкіндіктерін қолдап, дамытуды көздейтін бұл компанияның қазіргі таңда еліміздің ірі қалаларында 15 филиалы бар. Бас кеңсесі мен тарату қоймасы Алматыда орналасқан. 2008 жылдың қорытындысы бойынша айналымы 116 миллион долларды құрайды. Ал 1993 жылы құрылған «Катрен» ААҚ да Ресейдің көтерме фармацевтикалық нарығында үздік үштіктің қатарындағы компания. «DSM Group» деректеріне қарағанда, өткен жылы қосымша құн салығын қосып есептегенде оның тауар айналымының көлемі 1,95 миллиард долларды құраған. Ынтымақтастық жасайтын 471 жеткізушілерінің 214-і - шетелдік. Бас кеңсесі Новосібірде орналасқан бұл компанияның Ресей аумағының 95 пайызын қамтитын 28 филиалы мен 35 өкілдігі бар. Ол Фармацевтикалық дистрибьютердің еуропалық қауымдастығының (GIRP) мүшесі.