Қатты нөсер кентаулықтарды әбігерге салды

су
Фото: видеодан алынған кадр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Қатты нөсердің салдарынан Кентаудың көшелерін су басты.

Қаладағы орталық көшелерде жиналған жаңбыр суы тұрғындардың жүріп-тұруына қиындық тудырды. Көлік жолдары мен базар іші де суға толып кетті. Салдарынан кәсіп иелерінің біршама заты бүлінді. Ал, автобекет пен базар ішінде адамдар тобықтан асатын суды кешіп жүруге мәжбүр болды.

Әлеуметтік желіде тараған видеодан тұрғын үйлердің аулаларына да су кіргенін көруге болады. Тіпті, бір үйдің ауласы мен қосымша құрылыс нысанының ішіне кірген су, екінші жағынан тесіп шығып жатқанын тұрғындар видеоға түсіріп алған.

Ал, кешкісін Кентау қаласының әкімдігі жағдайдың тұрақталғандығын жеткізді. 

«15 сәуір күні 16:00-ден 17:10-ға дейін болған жауын-шашынның салдарынан Кентау қаласындағы 3 жеке тұрғын үй ауласы мен 1 үйдің жертөлесін, 1 үйді толықтай және «Салиха ана» базарындағы 26 кәсіпкерлік нысанын су басты. ТЖД күштері мен жергілікті әкімдік қызметкерлері тарапынан суды тарту және арнасын бұру жұмыстары жүргізілді. Жағдай тұрақты», - делінген Кентау қаласы әкімдігі таратқан ақпаратта.

Соңғы жаңалықтар