Қатты желден соң жарықсыз қалды: Қызылордада жағдай қалыпқа келді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қолайсыз ауа райының кесірінен бірнеше сағат бойы жарықсыз қалған Қызылорда қаласының бірнеше аумағында жағдай реттелді. Бұл туралы Қызылорда электр тарату тораптары компаниясынан мәлімдеді.
Еске салсақ, 28 маусым күні қатты желдің салдарынан тұрғын үйлер мен мекемелердің шатыры ұшып, ол электр желілеріне тиіп, сымдар үзіліп, электр бағаналары бүлінген болатын. Сонымен қатар құлаған талдар мен көше жарығының тіректері, шамдары да зиянын тигізді.
Осыған байланысты бірқатар аумақта электр энергиясын беру уақытша тоқтатылды.
— Апаттың салдарын жою мақсатында күшейтілген режимде авариялық-қалпына келтіру жұмысы жүргізілді. Оған 10 жедел бригада, 10 арнайы техника, 5 ауыр техника және 55 қызметкер жұмылдырылды. Мамандар тұрғын үйлер мен мекемелердің шатырынан электр желілеріне түскен бөгеттерді алып тастап, құлаған талдар мен көше жарығы тіректерінен келген зақымды жойды. Сынған электр бағаналары мен үзілген сымдарды қалпына келтірді. Қазіргі таңда жұмыс толық аяқталып, электр энергиясы барлық тұтынушыларға толық көлемде қайта берілді, — делінген хабарламада.
Тосыннан болған бұл жағдайды қала әкімдігі қатаң бақылауында ұстады.