Қатты желдің салдарынан Каспий жағалауындағы қамыс өртінің аумағы ұлғайды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өрті 450 гектар аумақты шарпыған. Өрт әлі сөндірілген жоқ.

өрт
Фото: Pexels

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы қаттың желдің салдарынан жалын шарпыған аумақ ұлғайғанын хабарлады. 

— Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өртінің 4 ошағы кеше, 1 мамырда сағат 18:30 шамасында анықталды. Өрт Атырау қаласына таяу орналасқан Тасқала ауылынан шамамен 40 шақырым қашықтықта тұтанған. Теңіз жағалауындағы жалынды сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы мен құралдары жедел жұмылдырылды, - деп хабарлады департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы. 

Бүгін өртті сөндіруге 101 адам, 21 техника жіберілген. Оның ішінде төтенше жағдайлар департаментінен 76 қызметкер, 12 техника, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 25 адам, 9 техника бар. 

Өртті сөндіру кезінде қиындық туындап тұр. Біріншіден, қамыстың биіктігі — 2-2,5 метр, әрі қалың өскен. Екіншіден, жалын шарпыған аумақта батпақ бар.

— Қатты желдің екпіні салдарынан өрттің таралу аумағы ұлғайды. Соған қарамастан төтенше жағдайлар департаменті мен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері кешкі сағат 18:30–ға дейін 50 гектарға жуық аумақтағы өртті сөндірді. Ал шамамен 400 гектар аумақтағы жалын өздігінен өшті. Өрттің жалпы аумағы анықталып жатыр. Сөндіру жұмысы жалғаса береді. Елді мекендерге таралу қаупі жоқ, - деп мәлім етті департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобынан. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында тағы да қамыс өртеніп жатқанын хабарладық.

Соңғы жаңалықтар