«Қауіпсіз қала» шарасы аясында қырғыз мигранттарының кезекті тобы еліне қайтарылды - Алматы

АЛМАТЫ. Қазанның 5-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматыда қолға алынған «Қауіпсіз қала» жедел-профилактикалық шарасының бірінші күні-ақ еліміз аумағында заңсыз жүрген қырғызстандық азаматтар тобы қолға түсті.

«Қауіпсіз қала» шарасы аясында қырғыз мигранттарының кезекті тобы еліне қайтарылды - Алматы

Қала базарларын тексеру барысында мыңға жуық қырғыз елінің заңсыз еңбек миграттары ұсталды, деп хабарлайды Алматы қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі.

«Белгілі болғандай, олардың Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан жақында ғана Алматыға жұмыс табуға келгендіктері анықталды. Бұрын мигранттар құрылыс нысандарында көптеп кездесетін болса, енді базарларда, жеке құрылыстарда және көпшілік тамақтанатын жерлерде қаптай бастады. Сондықтан, осы шара барысында осындай жерлер біздің қатаң бақылауымызға алынып, мұқият тексеріледі», деді Алматы қалалық ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы подполковник Марат Кезімбаев.

Бүгінде қазақ-қырғыз шекарасына соттың шешімімен елден шығарылуы тиіс еңбек мигрантары толтырылған алғашқы 2 автобус жіберілді. Қазір енді Өзбекстан мен Тәжікстаннан келгендерді шығару жүріп жатыр.

«Миграциялық мәселелердің қаладағы қылмыстық жағдайларға әсер ететіні белгілі. Соған байланысты, миграциялық бақылау күшейтілді. Жыл басынан бері осындай заң бұзушылыққа жол бергендердің 23 мыңы әкімшілік-құқықтық жауапкершілікке тартылып, 2 мыңнан астамы елден шығарылды және 2 мыңға жуығына Қазақстан аумағында жүруге шектеу қойылды. Нәтижесінде мигранттар легін тоқтата алдық », деді Марат Кезімбаев.

Естеріңізге сала кетейік, «Қауіпсіз қала» кең көлемді жедел-профилактикалық шарасы қаланың криминалдық жағдайының жақсаруына және қылмыстық оқиғаларды шектеуге бағытталған. Ол қазан айының 8-іне дейін жалғасатын болады.