«Қауіпсіз қала» жедел алдын алу іс-шарасы барысында елордалық сақшылар 1569 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты
АСТАНА. Қазанның 6-сы. ҚазАқпарат - «Қауіпсіз қала» жедел алдын алу іс-шарасы барысында елордалық сақшылар 1569 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты,
деп хабарлады Астана қалалық ішкі істер департаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінен.
Аталған шара басталғаннан бері ішкі істер органдарында есепте тұрған 3658 азаматтың мекен-жайлары тексеріліп, жалға берілетін 6955 пәтердің тұрғынымен профилактикалық әңгіме ұйымдастырылды. Сондай-ақ 8853 жертөле, кәріз және үй шатырлары тексеріліп, қаңғыбастыққа салынған 211 азамат анықталды.
Естеріңізге сала кетейік, елордалық сақшылар қоғамдық қауіпсіздікті және азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында қазанның 4-і мен 8-і аралығында «Қауіпсіз қала» жедел алдын алу шарасын өткізуде. Бұл бастамаға білім беру, прокуратура, медицина, салық, қылмыстық атқару жүйесінің мамандары да өз үлестерін қосуда. Қоғамдық тыныштықты қамтамасыз етуге 1712 адам жұмылдырылса, оның 1300-ден астамы құқық қорғаушылар.