«Қауіпсіз жол» шарасының алғашқы төрт күнінде 1,3 мыңнан астам мас жүргізуші ұсталса, оның 15-і автобусты басқарған
АСТАНА. Қазанның 22-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Республикалық «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу шарасының алғашқы төрт күнінде 1,3 мыңнан астам мас жүргізуші ұсталса, оның 15-і автобусты басқарған.
Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ-інде өткен арнайы баспасөз мәслихатында Жол полициясы комитетінің төрағасы Қайрат Тыныбеков мәлім етті.
«Төрт күнде жылдамдық режімінің 8,8 мың рет бұзылғандығы анықталды. Сондай-ақ 1,3 мыңнан астам мас жүргізуші ұсталса, оның 15-і автобусты басқарған», - деді Қ.Тыныбеков.
Оның айтуына қарағанда, жүргізушілердің қауіпсіздік белдігін қолдануына, ұялы телефондарды пайдалануына да қатысты бақылау күшейтілген. Жыл басынан бастап қауіпсіздік белдігін пайдалану ережесін бұзған 163 мың, көлік басқару кезінде ұялы телефонды пайдаланған 57 мың құқықбұзушылық анықталған.
«Әкімшілік жазалау шаралары жүргізушілерге ғана қатысты емес. Яғни жол қозғалысы ережесін бұзған 56 мың жаяу жүргіншіге де айыппұл салынды», - деді ол.