Қауіпсіздік ережесін сақтамаған кәсіпорын жұмысын тоқтатуға болады - сенатор

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қайрат Қожамжаров Қарағанды облысында болған қайғылы жағдай туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қауіпсіздік ережесін сақтамаған кәсіпорын жұмысын тоқтатуға болады - сенатор

«Бұл жерде қылмыстық іс қозғауға негіз бар. Біздің құзырлы органдар іс қозғауы керек, тергеу қажет. Ал енді «Арселор Митталдың» басшыларына, олардың құрылтайшыларына біздің шарттарымыз, талаптарымыз, әрине, қазір өзгеруі керек. Сол себепті біз оны қолдаймыз. Сенат қабырғасында да жақын арада көтереміз. Шарттың өзгеруі дегенде оларға қатысты талап қатаң болуы тиіс. Бір жағынан, жабдықтарды жаңартып, техникалық ережелерді сақтау қажет. Дұрыс айтасыздар, айыппұлмен ғана құтылып кетіп жатыр. Ал енді Қылмыстық кодексте бір заң бар. Егер осындай жағдайға құрылтайшылар немесе басшылар кінәлі болса, оқиға салдарымен басшылардың әрекетінің арасында тікелей байланыс болса, қылмыстық әкімшілік және материалдық жауапқа тартылады», - деді сенатор.

Қайрат Қожамжаровтың айтуынша, қолданыстағы заңнамада еңбек және өндіріс қауіпсіздігін сақтамаған кәсіпорындардың жұмысын тоқтатуға негіз болатын баптар бар.

«Бүгінгі қолданыстағы заңнамада қауіпсіздік ережелерін сақтамаған кәсіпорындардың жұмысын тоқтатуға мүмкіндік бар. Егер көпшіліктің өміріне немесе денсаулығына қатер төніп тұрса, прокуратура органдары осындай шешім қабылдай алады»,- деді депутат.