Қауіпсіздік Кеңесінің ведомствоаралық комиссия отырысында Әскери-теңіз күштері мен ҚР ҰҚК Шекара қызметінің жағалауды күзетудегі теңіз бөлімдерінің ағымдағы жай-күйі қаралды
АСТАНА. 21 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығында Қазақстан Республикасының Президентін ақпаратпен қамтамасыз ету жөніндегі Қауіпсіздік Кеңесінің ведомствоаралық комиссияның отырысы болды
Отырысқа ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы - Хатшылық меңгерушісі Қозы-Көрпеш Жаңбыршин төрағалық етті.
Күн тәртібіне үш мәселе енгізілді: қылмыстық-атқару жүйесін дамыту жөніндегі шаралары, Әскери-теңіз күштерін дамыту перспективалары, мемлекеттік шекарадан азаматтардың өтуіне бақылау жүргізу туралы.
ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Бауыржан Бердалин ведомствоаралық комиссия мүшелерін қылмыстық-атқару жүйесін дамыту жұмыстарының барысы, заңдылықтың сақталуы мен осыған байланысты проблемалар туралы хабардар етті. Техникалық жабдықтау, кадрларды нығайту, заңнаманы жетілдіру мәселелері қаралды.
Екінші мәселе бойынша Қорғаныс министрінің орынбасары Сергей Громов пен ҰҚК төрағасының орынбасары Владимир Жұмақанов Әскери-теңіз күштері мен ҰҚК Шекара қызметінің жағалауды күзетудегі теңіз бөлімдерінің ағымдағы жай-күйі, сондай-ақ олардың даму перспективалары туралы баяндама жасады. Ерекше назар жағалаудағы инфрақұрылым мен навигациялық қамтамасыз ету, әскери-теңіз кадрларын дайындауға аударылды.
Азаматтардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасына кіру-шығуды реттеу мәселесін талдау аясында тіркеу рәсімін үдету жөніндегі ұсыныстарды, шетелде Қазақстан азаматтарын консульдық есепке қоюды, сондай-ақ электрондық үкімет порталы мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жеке және заңды тұлғалар үшін электрондық қызметті енгізу перспективаларын қоса алғанда ұйымдастырушылық және техникалық шаралары талданды.
Отырыс нәтижесі бойынша мүдделі мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар беріліп, оларға бақылау жүргізу Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығына жүктелді.