08:19, 09 Қараша 2017 | GMT +5
Қауіпті жүк тасымалдау ережесін бұзғандарға 22,5 млн теңге айыппұл салынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитетінің қызметкерлері «Абай болыңыз, қауіпті жүк!» акциясын өткізді, деп хабарлайды ҚР ИДМ ресми сайты.
Жыл сайын өткізілетін шара қауіпті жүк тасымалдайтын автокөлік құралдарын бақылауды күшейтуге бағытталған. 1 қазаннан 1 қарашаға дейін ел аумағында 1018 автокөлік тексерілді. Шара барысында жүк тасымалдаудың шарттары, қажетті құжаттар, көліктің техникалық жағдайы, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимдерін сақтауы сияқтылар тексерілді.
Тексеруден өткен автокөлік құралдарының 415-інен ереже бұзушылық анықталып, 22,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, 2,7 млн теңге көлемінде жол алымы белгіленді. Соның ішінде 377 ереже бұзушылық қазақстандық, қалған 38-і шетелдік тасымалдаушылардың үлесіне тура келеді.