«Қауқары аз қаптаған ұйымды қаржыландыру дұрыс па?» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 28 мамыр, сәрсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газеті Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары И.И.Шуваловпен арадағы сұхбатты жариялап отыр. «Қазір, 2014 жылы, Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қоюға тақау келіп тұрған уақытта біз шын мәнінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың болашақты ғылыми тұрғыдан болжау дарынына және терең саяси даналығына таң қаламыз. Бұрынғы кеңестік республикалардың өркениетті түрде айырылысуынан туған масайрау көңіл-күйі біздің бұрынғы бірге өткен өміріміздің артықшылықтарын да, сонымен қатар, нарықтық экономиканың артықшылықтарын жүзеге асыру барысында жаңадан қол жеткен дағдыларды да пайдаланудың негізінде интеграцияға ұмтылумен алмасуы мүмкін екенін және солай болуға тиіс екенін ол басқалардан бұрынырақ түсіне білді. Кеден одағын, Біртұтас экономикалық кеңістікті, ал қазір Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі бүкіл жұмыстың барысында біз Н.Ә.Назарбаевтың қызу мүдделілігі мен нақты қолдауын ұдайы сезініп отырғанымызды қадап айтқым келеді. Көптеген күрделі экономикалық түйіндер келіссөздерге нақ оның тікелей қатысуының арқасында тарқатылды. Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қатысуынсыз бұл жобаның жүзеге асуы неғайбіл еді десем, мұным артық айтқандық болмайды», - деді ол. Бұл сұхбат «Игорь ШУВАЛОВ: Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси даналығына таң қаламыз» деген тақырыппен басылды.
Осы басылымда «Оза шауып бәйге алды» атты материал берілген. Беларусь астанасы Минск қаласында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ТМД сыйлығымен марапатталды. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің экономикалық кеңесі 2013 жылғы қызмет көрсету және өнім сапасы жөніндегі байқаудың жеңімпаздарын жария етті. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Қызмет көрсету» аталымы бойынша ғылыми табыстары үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы сыйлығының иегері атанды. Кеше Минскіде ТМД Атқарушы комитетінің атқарушы хатшысы Сергей Лебедев Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовқа арнайы диплом мен сыйлықты табыс етті. Жеңімпаздарды Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан секілді ТМД-ға мүше 11 мемлекеттің үкімет жетекшілері анықтады.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Мәжілісте «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңының жобасы жұмыс тобында талқыланды. Жиында әртүрлі мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдар патриоттық тәрбиелеу ісі жайында баяндама жасады. - Осы заң жобасында депутаттар жастарды патриоттық тәрбиелеу орталығын құруды ұсынуда, - деді Қорғаныс министрлігі ҚК БШ Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті бастығының орынбасары Қайсар Мұғалов. - Біз, Қорғаныс министрлігінің басшылығымен ақылдаса келе, бұл ұсынысты қолдауға шештік, бірақ ол орталықтардың әскери бөлімдер жанындағы «әскери-патриоттық тәрбиелеу орталықтары» болғанын қалаймыз. Бұл біздің мүмкіндіктерге жауап берер еді. Әскери-патриоттық тәрбиелеу орталықтарын бәрінен бөлек, дәл әскери бөлімдердің қасынан құру дұрыс! - деген ол өздерінің осы ұстанымда табандайтындарын танытты. Осы мәселе арқау болған мақала басылымның бүгінгі санында «Қауқары аз қаптаған ұйымды қаржыландыру дұрыс па?» деген тақырыппен жарияланды.
Осы газетте «Тасмағамбетов кәсіпкерліктің тынысын ашпақ» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Астанада көлеңкелі экономикадағы қаржы айналымы 20 пайызды құрайды. Бұл шамамен 500 млрд. теңгеден асады. Енді үшінші рет жарияланған капиталды заңдастыру туралы акцияға сай ірі кәсіпкерлер мен капитал иелері өз мүліктерін жасырмай, ашық түрде айналымға шығарса ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов кеше Ұлттық кәсіпкерлер палатасының съезі қарсаңында өткен Астана кәсіпкерлерінің конференциясында бизнесмендерді ашық диалогқа шақырды. Қазіргі кезде кез келген қалада кәсіпкерлікке барынша көңіл бөлініп жатыр. Өйткені шаһарды дамытуда, жаңа жұмыс орындарын құруда, қазына салығын еселеуде бизнесмендердің еңбегі ерекше - деді, И.Тасмағамбетов. - Біздің Астана кешеге дейін дотациялы орталықтың бірі болып келген еді. Инвестицияның артуы мен кәсіпкерліктің күрт көтерілуінің нәтижесінде биылдан бастап қайта керісінше республикалық бюджетке қаржы құятын төртінші донорлық қалаға айналды.
***
«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында « Широко закрытые глаза» атты мақала берілді. Көзі көрмейтін және аяғын басуға қауқарсыз ақтөбелік мүгедек қатыгездердің алдауына ұрынып отыр. Оның осындай жағдайын пайдаланып, алаяқтар мүгедектің жер учаскелерін екі мәрте қайта сатып жіберген. Қалау Бақтыгереев есімді мүмкіндігі шектеулі бұл азамат төрт жылдан бері өзінің жер телімдерін қайтара алмай келеді.