Кәукен Кенжетаев туралы деректі фильмнің тұсауы кесілді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Қазақ КСР-нің халық әртісі Кәукен Кенжетаевтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Кәукен жұлдызы» атты деректі фильмнің тұсауы кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚазАқпарат тілшісімен тілдескен фильм режиссері Ғазиз Насыров картина жөнінде айтып берді.
«1960 жылдар - қазақ өнері гүлденген уақыт. Шәкен Аймановтың шығармашылығы мен әулеті мені әрқашан қызықтырып тұратын. Ойлана келе, ол кісінің інісі Кәукен Кенжетаев туралы фильм түсіруге бел будық. Картина Баянауылда, ол кісінің туып өскен жерінде түсірілді, оған бір жылдай уақыт кетті. Менің ойымша, осындай тұлғалардан үлгі алып, оларды мақтан тұтуымыз керек. Өзім осы фильмді қолыма алғаныма қатты қуанамын. Өзім де көп сырға қанықтым. Аруақты жер Баянауылға бардым. Ол жақта Бұқар жыраудан бастап, Мәшһүр Жүсіпке дейін барлығын тани түсесің. Жан сарайыңды жарық қылады. Кәукен аға да сол жыр, әндерді тыңдап, армандап өскен. Мен соны көрсеткім келді. Ол кісінің алып тұлғаға айналуында сол елдің тарихы мен жырлары өлшеусіз үлес қосқан, бойына сіңген. Соны көрсеттік», - деді деректі фильм режиссері Ғазиз Насыров.
Туынды ҚР Ұлттық кітапханасындағы режиссер Ермек Тұрсыновтың кино клубында тұсауы кесілді. Танымал режиссер көрермен ретінде деректі фильмге өз бағасын берді.
«Мұндай фильм жас ұрпақ үшін өте керек. Кино өте сәтті шыққан. Ұзақтығы бір сағаттан асады. Баянауылға, Мәскеуге, Павлодардың мұрағатында бір жылдай жұмыс жасады. Әрине, Кәукен атамыз әнші болғандықтан әншілігінен басталып, қандай актер болды, өмірде қандай болды соны көрсетуге тырысқан. Сапалы шыққан, көптеген көз көргендер қатысып, естеліктерін айтқан. Осындай фильмдерді көбірек түсіру қажет», - деді Ермек Тұрсынов.